"Мұхамеджан өз қателігін түсініп отырған жоқ"
Бір-екі күннен бері лента Мұхамеджан Тазабеков туралы жазбаларға толып кетті. Өзінің де жауабын көзім шалып қалды. Қыңып отырған жоқ...
Мен оны сынап-мінейін деп отырған жоқпын. Жығылғанның үстіне жұдырық жұмсамаймын! Тек осыдан төрт-бес жылдай болған бір оқиға ойыма қайта-қайта орала берді.
Астанадан Алматыға ұшу үшін әуежайға келдім. Лифтімен екінші қабатқа көтеріліп, бір-екі қадам аттай бере анадай жерде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтің әңгімелесіп тұрғанын көріп қалдым. Бекболат бері қарап тұр екен, мені көре салып маған қарай жүрді. "Ой, Дәке, қал-жағдай қалай?" деп аман-саулық сұрасып, құшақтай алды. Әрине бір-бірімізді жақсы танимыз. Талай кездескенбіз. Аз-кем әңгімелесіп тұрып қалдық. Ал Мұхамеджан бауырым сол тұрған орнында кекірейіп тұра берді. Тіпті амандасқан да жоқ. Танымайтын шығар деп мен де оны танымағансып тұра бердім. Әрине, мен оны жақсы танимын. Талай айтыстарын көргенмін. Риза болып, талай мәрте қол шапалақтағанмын. Шын жүйрік деп бағалайтынмын. Сондықтан оған деген көзқарасым өте жақсы еді. Қолдап-қуаттап, сыртынан мақтап жүретінмін...
Бір кезде сонадай жерде тұрып Бекболат бірімізді бірімізге таныстыра бастады... "Мұхамеджан жол жүріп барады. Шығарып салуға келдім!" деп әңгімесін жалғастыра берді...
Арамыз бес-алты-ақ қадам. Әрине, менің жасым Мұхамеджаннан әлдеқайда үлкен, ең кенже ініммен жасты, сондықтан мен барып оған сәлем бере алмаймын. Сөйтіп мен де тұрған орнымда мізбақпай тұра бердім...
Бір кезде Бекболат екеуміз бір-бірімізге жақсылықтар тілеп, қоштасып, жөнімізге кете бардық. Мұхамеджан бауырым сол безірейген қалпында қала берді. Әрине, мен осыдан кейін ол туралы жақсы ойлап кеткен жоқпын. Оған деген ыстық көңілім суып сала берді. Әсіресе, "әке-шешеңді үйіңде ғана сыйла, ал алаңға шықса Меккедегідей құйрығынан қайқайтып теп" деген сыңайдағы сөздерінен кейін мүлде көңілім қалып қойды. Ал мен қандай жағдай болмасын, қарттарымызға құрметпен қарау керек деген ұстанымды ұстанамын. Құдай-ау, олар алаңда не бүлдіреді? Айқайлар, айқайлар, сөйтіп өздері де тамақтары қарлығып үйлеріне қайтады. Ақсақалдар мен ақжаулықты аналардан қорқудың түкке де керегі жоқ. Сол себепті де оны бұрынғыдай мақтамайтын болдым. Бірақ жамандаған да емеспін, бұл оқиғаны ешкімге де айтқан жоқпын. Менің қандай ойда кеткенімді зерделі адам өзі де түсініп алар деп ойлаймын. Әрине, бұл жауласуға негіз болатын жайт емес. Содан кейін оны жақыннан көрген емеспін!
Бірақ бүгінгі оның жазған жауабын оқып қарным ашып қалды. Ол өз қателігін түсініп отырған жоқ. Тіпті түсінгісі келмейтіні де көрініп тұр... Әрине, бұл жақсы емес... Біреу немесе екеу-үшеу сынаса, құлақ аспауға болар... Ал көп болып сынаса, яғни бір нәрсе шынында да дұрыс емес!
Мұхамеджан бауырыма әлі де жау емеспін! Бірақ ол мықтап ойлануы керек!
Мықтап ойлану керек! Жұрттың сынына құлақ асып, содан қортынды шығармаса, алдағы өмірі одан сайын күрделене түседі. Әрине, сол жазбасында қыңқ демегендей сыңай танытып отырғанымен, елдің жаппай сынауы, тілдеуі, қарғап-сілеуі оған оңай тиіп жатпағаны белгілі. Көңіліне, жүрегіне, жүйкесіне түк әсер еткен жоқ десе де мен еш сенбеймін. Ол мүмкін емес. Ол да ет пен сүйектен жаралған жұмырбасты пенде. Оның да жүрегі ауырады, бауыры езіледі...
Ендеше, бір күні болмаса бір күні не жүйкесі, не жүрегі, не бауыры сыр беруі әбден мүмкін!
Сондықтан да қайталап айтамын, Мұхамеджан бауырым мықтап ойлануы керек!
Елге сүйкімсіз, қадірсіз болып өмір сүру қайбір жақсы дейсіз?!
Ал, "қайта үйірін тапса, адасқанның айыбы болмайды!"
Мұхамеджан бауырым бір батыл шешім қабылдауы керек! Сонда өзіне де, елге де пайдалы болады.
Менікі ағалық ақыл! Ал оны тыңдай ма, жоқ па, өзі біледі. Әрине, сол бір кездесудегі Мұхамеджанды танығанымдай адам болса, тыңдай қояды дегенге сенбеймін! Бірақ айту парыз!
Думан РАМАЗАН, жазушы
Дереккөз: facebook.com