Қатар-2022. Футболдан әлем чемпионы анықталды
Аргентина мен Франция екі реттен әлем біріншілігінде үздік шыққан

Қатарда футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Франция құрамалары тартысты бәсеке өткізді.
Бұған дейін Аргентина мен Франция екі реттен әлем біріншілігінде үздік шыққан еді.
Дүниежүзілік додада қос құрама үш мәрте кездесіп, екеуінде Аргентина (1930 жылы – 1:0, 1978 жылы – 2:1) жеңіске жетті. 1978 жылғы өз елінде өткен чемпионатта Марадона бастаған аргентиналықтар жеңіс тұғырына көтерілген.
Төрт жыл бұрын Ресейдегі жарыста 1/8 финалда Франция Аргентинадан 4:3 есебімен басым түсіп, сонда Килиан Мбаппе қос голдың авторы атанып, Лионель Месси көзге түсе алмаған болатын.
Биылғы чемпионатта бес голдан соғып, мергендер көшін бастап келе жатқан Месси мен Мбаппе финалдық матчта үздік атану үшін барын салатыны анық-ты. Әсіресе, бұл Мессидің соңғы әлем чемпионаты.
Бұл жолы 21-минутта сол қанаттан жүйткіген Анхель Ди Марияны Усман Дембеле шалып құлатты. 23-минутта Лионель Месси 11 метрлік пенальтиді мүлтіксіз орындап, Аргентинаны алға шығарды – 1:0.
Содан кейін 36-минутта Месси асырған допты Макаллистер Ди Марияға дәл берді. Ди Мария қателескен жоқ – 2:0.
Екінші кезеңде 79-минутта аргентиналық Николас Отаменди Рэндал Коло Муаниге қарсы дөрекі ойнап, тәртіп бұзды. Килиан Мбаппе 80-минутта пенальтиді құр жіберген жоқ. Іле-шала Коло Муаниден пас алған Мбаппе таразы басын теңестіріп үлгерді – 2:2. 90+7-минутта Уго Льорис Мессидің қауіпті соққысын қайтарды.
Қосымша екі экстратаймда 109-минутта У.Льористен кері серпілген допты Месси қақпаға кіргізді – 3:2. Көп ұзатпай 118-минутта К.Мбаппе пенальтиден допты тағы да торда тулатты – 3:3. Бұл финалда хет-трик жасаған Килианның осы чемпионаттағы 8-інші голы еді. Ол сөйтіп біріншіліктің сұрмергені атанды.
Пенальти сериясында Францияны 4:2 есебімен жеңген Аргентина өз тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды.