Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов қарсыласын нокаутқа түсірді
Бұл оның орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегі
Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11 КО) Антонио Тоддпен (17-10, 9 КО) жұдырықтасып, қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл отандасымыздың соңғы екі жылдағы алғашқы жекпе-жегі. Санта-Инез қаласында өткен бокс кешінде бұл жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған еді. Алайда қазақстандық боксшы мәселені алғашқы раундта-ақ техникалық нокаутпен шешіп тастады.
Сөйтіп, ол кәсіпқой бокстағы он төртінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Айта кетейік, 26 жастағы жерлесіміз бұған дейін жартылай орта салмақта өнер көрсетіп келген еді. Бұл оның орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегі. Жеңісті сәтінен кейін ол өз сөзінде осы орта салмақта қалатынын мәлімдеді.
Фото: sports.kz