Шымбұлақ Гиннесс рекордтар кітабына енді
«Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» номинациясы бойынша
«Шымбұлақ» тау шаңғысы кешені ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Курорт «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Тау шаңғы курортының бас директоры Ринат Абдрахмановқа әлемдік рекордты растайтын сертификатты Guinness World Records офисінің судьясы Шейд Субаши-Гемиджи табыстады.
Сертификат табыстау және рекорд нәтижесін ресми тіркеу теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте «Талғар асуы» станциясында өтті.
«Шымбұлақ» тау курорты әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде ресми түрде Гиннес рекордын алғаны туралы сіздерге хабарлауға қуаныштымын. Бұл әлемдегі жаңа рекорд», - деді Шейда Субаши-Гемиджи.
Ринат Абдрахманов бұл оқиғаның маңызды екенін айтып, 5 жыл бұрын шаңғымен түнгі сырғанау жолын ашу арманы болғанын, қазір арманы шындыққа айналғанын жеткізді. Ол жиынға қатысушыларды алға ұмтылуға шақырды.