«Сыртымнан құлдыққа сатпақ». Қазақстан спортшысы АҚШ-та қиын жағдайға тап болды
Қазақстандық файтер Мария Агапова көпшіліктен көмек сұрайды.
Аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Мария Агапова мәлімдеме жасады. Ол өзінің АҚШ-та үй-күйсіз, далада қалып, қаңғыбастар секілді тұратын жер іздеуге мәжбүр екенін жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Көпшіліктен көмек сұрап, өзіне қауіп төніп тұрғанын да жасырмады.
26 жастағы Агапова UFC лигасында бес жекпе-жек өткізген. Үш рет жеңіске жетіп, 2022 жылдан бері октагонға шыққан жоқ. Отандасымызға UFC тарапынан тағы бір мүмкіндік беріліп, шілде айында UFC Fight Night турнирінде бразилиялық Луана Сантоспен төбелес жоспарланған. Алайда, ол көптен күткен жекпе-жекке дайындалудың орнына паналайтын баспана іздеуге мәжбүр.
Бір аптадан кейін үйсіз қалатын сияқтымын. Бұған таңқалып тұрған боларсыздар. Бірақ менде олай емес. Өйткені UFC жекпе-жегінің алдында үйсіз қалу – Америкадағы классикалық өмірімнің көрінісіне айналған. Келесі аптадан бастап мен қаңғыбастарға арналған орыннан өзіме пана іздеймін. Өйткені, адамдарға сенуден қалдым. Адамдар мені тек пайдаланып келеді. Осылайша олар менің жеке өміріме де қол сұғуды әдетке айналдырды. Тіпті, мені сыртымнан секс-құлдыққа сатып та жібермек болды. Көмектесе алатын приюттың мекен-жайын білсеңіздер жазып жіберіңіздер, мен Флорида штатындамын, - деп жазды ол Instagram әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Мария Агапова 30 мамырда джиу-джитсу ережесімен өтетін турнирде америкалық спортшы Хелена Кревармен кездесу өткізеді.
Фото: instagram.com/mma.mashka