Тұрлыхановқа жауап: Атыраулық спортшыларды сабақтан босатпапты
Аудандарда күрес секциялары енді ғана ашыла бастаған
Елордада екі күннен бері Жақсылық Үшкемпіровке арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Күні кеше Олимпиада чемпионы атындағы Жекпе-Жек сарайында турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа еліміздің 300-ге тарта спортшысы келген.
Осы додаға спорт ардагерінің бірі – Дәулет Тұрлыханов арнайы шақырылыпты. Біріккен күрес Әлемі бюросының мүшесі Тұрлыханов турнир барысы туралы телеарнаға сұхбат берді. Спортшы Жақсылық атындағы доданың мәртебесі жоғары екенін айтып, халықаралық деңгейде жас балуандарды шыңдайтын айтулы бәсекенің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жарысқа Орта Азияның Тәжікстан Өзбекстан, Қырғызстан, Иран сынды 4 мемлекеті арнайы келген. Сондай-ақ еліміздің 16 аймағы аламанға кірді. Алайда, ТМД елдерінің өзі бақ сынап жатқан турнирге тек Атырау облысы спортшылары жете алмапты. Тұрлыханов Атыраудың қалыс қалуына байланысты Шәпкеновке өкпе-ренішін білдірді.
«Қандай себеп екенін білмеймін, бірақ Атырау облысы келген жоқ. Осы жерде облыс әкіміне (Шәпкенов ред.) айтпақшымын, егер жастарыңыз күреспесе сіздерде күрес қайдан пайда болады?! Қазір Атырау облысының жасөспірімдері жоқ. Бұл үлкен кемшілік. Неге бүкіл облыстарды дамытып отырғанда олардың жастары жоқ. Осындай жарыстарға неге жібермейді?» дейді ол.
Malim.kz тілшісі бұл сұрақты Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Тілеуоваға қойды. Арнайы өкіл грек-рим күресін облыста дамыту мәселесі бұрыннан өзекті екенін сөз етті. Облыста грек-рим күресінен Жастар ойындарының, Азия чемпионатының жүлдегерлері бар дейді. Дегенмен Жақсылық Үшкемпіров атындағы Халықаралық турнирдің талабына сәйкес, қатысушылардың жас ерекшелігі 18-20 жас аралығында болуы тиіс. Бұл жастағы спортшылар саны облыста аз» деп жауап берді.
Ал осы басқарманың баспасөз хатшысы Ілияс Сәрсеев жарысқа қатысатын 3-4 спортшының бар екенін растады. Алайда ТМД-дан спортшылар келіп жатқан додаға, атыраулық балуандарды колледж басшылығы сабақтан босатпаған.
Н.Тілеуованың мәлімдеуінше, облыс орталығы Атырау қаласында ғана 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бөлімшелер жұмыс істейді. Алайда грек-рим күресі аймақтарда кенже қалған. Себебі, маман тапшы. Былтыр ғана жастар құрамасына облыстың аға жаттықтырушысы болып Жылқышиев Дәурен тағайындалды дейді.
Атыраудан табылмаған аға жаттықтырушыны басқармадағылар Ақтөбеден әрең тапқан секілді. Баспасөз хатшысы Сәрсеев аудандарда күрес секциялары енді ғана ашыла бастағанын айтып отыр. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенімен, жастарды күреске баулитын маман жоқтың қасы. Жаттықтырушы аудандармен айналысып жатса, халықаралық бәсекеге балуандар қайдан жетеді?!
Жуырда ғана Махамбет ауданына барған облыс басшысы Шәпкенов «жастар бәсекеге қабілетті болуы керек. Өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелейік деп» көсілген еді. Дегенмен, Патриот әкімнің спорттағы жастарға нағыз үлгі болған Үшкемпіровті ұлықтауға жарамағаны көңілге кірбің түсіргендей. Әлде колледж басшылығы жаңадан келген әкімге құлақ аспай ма?