Ұлы тарихшының жары Халима Бекмұхамедова дүниеден озды
Қазақтың даңқты тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың жары, ғалым Халима Адамқызы 97 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады. «98 жасқа қараған шағында ардақты апамыз, даңқты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жары Халима Адамбекқызы өмірден өтіпті. Иман нұры пейіште шалқысын.
Алаш ардақтыларының басы айдауда, бармағы шайнауда жүрген жылдардың, ұлы тарихшының күнгей-теріскейін көзімен көріп, көңілімен түйсінген дәуірдің куәсі ғой. Жаратқан Иеміз өзінің панасына алсын», - деді депутат.
Халима Бекмұхамедова 1925 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында дүниеге келген. 1930-1946 жылы Бекмұхамедовтар Ташкент қаласында тұрады. Халима Орта Азия университетін бітіріп, жоғары білім алады. 1947-1950 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының аспирантурасында оқиды. 1950-1952 жыдары Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен, сондай-ақ Қазақ педогогикалық қыздар институтында орыс тілінен сабақ берді. 1954-1984 жылдары КазПИ-де орыс тілінен дәріс оқиды.
Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі кітаптарының, методикалық еңбектердің авторы. 1966 жылы «Слова общие для русского и казахского языков, и методика работы над ними в I-V классах казахской школы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Өмірінің соңына дейін қазақ мектептеріне арналған орыс тілі оқулықтарын жетілдіруімен айналысып, методикалық еңбектер жазған.