Әнші Тоқтар Серіков "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында қалың көрерменді қызықтырған сұраққа жауап беріп, не себепті әлеуметтік желіде отбасылық және жеке өмірі жайлы жазбалар жарияламайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарлама жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Көп әріптестеріңіз ішкен-жегенін, жеткен жетістігін көрсетіп отырады. Ал сіз өзгешесіз. Мұндай қарапайымдықты қайдан алдыңыз?" деген сауалына өнер иесі шынайы жауап қайырды.
"Бұл сұраққа жауап берсем, көпшіліктен оқшауланып қалатындай сезінем. Бірақ шындықты айтсам, жұбайыммен ақылдасып, Instagram желісіне жеке өмірімізді жарияламауды жөн көрдік. Не ішіп, не жегенімізді, қандай көлік мініп, қай үйде тұратынымызды, тіпті бала-шағамның санын да көрсеткім келмейді. Мен бар жағдайыммен шүкіршілік етіп отырған адаммын. Алайда елімізде әлі де тұрмысы төмен, күн көрісі қиындаған жандар бар. Баласының болашағына алаңдап, көзіне жас алған ата-аналар бар. Сондай сәттерді ойласам, көңілім құлазиды. Өзім мақтанып жатқанда, бір адам маған мұңайып қарап тұрса, бұл – мен үшін үлкен сын. Сондықтан өнердегі барша әріптестеріме айтарым: бұл – жылтырап, мақтанып отыратын емес, керісінше, байлығыңды жасыратын заман. Аш адамды тойдырып барып мақтан. Кейде өзімді сырттан түсіріп алған видеоларды көргенде ұялып, өкінетін сәттерім болады", – деп шын көңілмен бөлісті.