Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында болған табиғи өрт оқшауланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өрт Абай ауылдық округі аумағында шығып, ішінара «Күршім орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеріне таралған.
Өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күштері, орман шаруашылығы қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.
Өрт ошағына «Қазавиаорманқорғау» десантын жеткізу үшін ТЖМ тікұшақтары мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің авиациясы пайдаланылды. Ал жерүсті техникасы жете алмайтын аумақтарда әуеден сөндіру жұмыстарын су төгетін құрылғымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшағы жүргізді.
Жалпы әуеден 41 рет су төгіліп, өрт ошағына 123 тонна су шашылған. Сонымен қатар мамандар желдің бағыты мен өрттің таралуын үздіксіз бақылауда ұстаған.
ТЖМ мәліметінше, барлық қызметтің үйлесімді жұмысының арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп жоқ.