Астана, malim.kz. Үкімет отырысында Олжас Бектенов созылмалы су тапшылығы кезеңіне қатысты шаралар легі туралы айтты дейді malim.kz тілшісі Үкіметттің ресми трансляциясына сүйеніп.
Премьер-министр су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыру керегін баса айтты.
Облыс әкімдеріне - 2026-шы жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Басты міндет ретінде – суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу аталды.
Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдарға егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.
Су ресурстары министрлігіне су беруді бекітілген лимиттерден асып кетпеуін қадағалау тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекіткен еді. Олжас Бектенов суару жұмыстарының осы кестеге қатаң сәйкестігін қадағалауды міндеттеді. Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болса, бірақ диқан 1 га артық ексе, оған бір тамшы су артық берілмейді. Кестені бұзып, кейін шығынға ұшыраған диқанға ешқандай өтемақы төленбейді деді үкімет басшысы.
Бұған қоса, Олжас Бектенов Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктері қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізуі қажетін атап өтті.