Танымал әнші Қайрат Нұртастың туған күніне орай әкесі Нұртас Айдарбеков әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің әкесі ұлына ақ тілегін арнап, көпшілікке де ізгі ниетін жеткізді.
"Ал ағайын, балам деп айтуға Алладан қорқамын. Бүгін өздеріңіздің ерке ұлдарыңыз Қайратжанның дүние есігін ашқан күні. Алла ғұмыр берсін! Сіздердің алдарыңызда Алла тарту еткен қызметін жасап, жарқырап жүре берсін!" – деп жазды Нұртас Айдарбеков.
Айта кетейік, Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі табысты әншілердің бірі саналады. Тыңдарман арасында "Қайрош", "Легенда" лақап аттарымен белгілі өнер иесі поп жанрында ән айтып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген.
Қайрат Нұртас өнер жолын ерте бастады. 8 жасында "Махаббат мұңы" әнімен алғаш рет экранға шығып, кейін эстрада-цирк колледжінде білім алды. 2007 жылдан бастап "Тәтті сезім", "Жаралдың кім үшін", "Аллаға шүкір", "Көз жасың көмектеспейді" сынды хит әндерімен елге кеңінен танылды. 2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке концертін берді.
Әнші тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерде де концерт қойып, үлкен аудитория жинады. 2014 жылы "Жылдың үздік әншісі" атанса, 2016 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. Сонымен қатар ол кино саласында да бағын сынап, "Өкініш", "Адель", "Арман. Когда ангелы спят" секілді фильмдерге түсті.
Жеке өміріне келсек, Қайрат Нұртас 2008 жылдан бері Жұлдыз Әбдікәрімовамен некеде. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр.