2026 жылдан бастап Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қоныс аударғысы келетін азаматтар мен қандастарға баспана сатып алу үшін берілетін біржолғы мемлекеттік төлем көлемі едәуір артады. Атап айтқанда, төлем мөлшері 1 160 АЕК-тен 1 625 АЕК-ке дейін көбейтіледі. Бұл шамамен 7 миллион теңгеге жуық қаржыға тең, деп хабарлайды Malim.kz.
Қанша адам қоныс аударды?
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың 9 айындағы дерегіне сәйкес, елдің солтүстік аймақтарына 1 326 мың адам көшіп барған. Оның ішінде облысаралық көші-қон аясында 619 адам қоныс аударған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,7 пайызға жоғары. Бұл мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Асқарбек Ертаев растады.
Оның айтуынша, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы оңтүстік өңірлердегі еңбек ресурстарының артығын солтүстік аймақтарға бағыттауға, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама іске қосылғалы бері қоныстандыру аймақтарына 66,2 мың адам көшкен, олардың тек 6 пайызы ғана кері қайтқан.
Жаңа төлем қалай беріледі?
Қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау шаралары олардың қайта көшу деңгейін айтарлықтай төмендеткен. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильдік сертификат ұсынылады, ал облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда ипотекалық несиеге бастапқы жарна төлеу тетігі енгізілген.
Министрлік өкілінің сөзінше, тұрғын үй нарығына жүргізілген талдау нәтижесінде төлем көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданған. Бұл өзгеріс Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларымен де үйлеседі. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Көші-қон үдерісі қалай жеңілдейді?
Ішкі көші-қонды басқару үшін migration.enbek.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Бұл жүйе көші-қон рәсімдерін автоматтандырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және еңбек күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға көшу үдерісін оңтайландыруға бағытталған.