Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Тоқаев: Қаңтар оқиғасында құқық қорғау органының қызметкерлері жұмыс орындарын тастап кетті

Қоғам
Тоқаев: Қаңтар оқиғасында құқық қорғау органының қызметкерлері жұмыс орындарын тастап кетті
Reuters.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтардағы "Turkistan" газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының түпкі себептері мен салдарын ашық айтып, заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару – саяси науқан емес, мемлекеттің мызғымас ұстанымы екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтамайтынын, бірақ ендігі басымдық инвесторлардың құқығын қорғауға берілетінін мәлімдеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталғанын айтып, бұл үдерістің азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен, ашық әрі бейтарап жүргізілгенін атап өтті.

"Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Презиенттің сөзінше, 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.

"Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды. Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алғанын айтады.

"Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды. "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінше, мұндай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалған. Әскери қызметкерлер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады дейді ол.

"Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр", – деп жауап берді президент.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу