Дональд Трамп Женевада жуырда аяқталған ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздердегі Тегеранның ұстанымына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Ол Иранға соққы жасағысы келмейтінін атап өтті, алайда мұндай нұсқаны жоққа шығармады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердегі позициясына байланысты «Иранға көңілім толмайды» деп мәлімдеді. Ақ үй басшысы елге ықтимал соққы жасау туралы шешім әлі қабылданбағанын да айтты. Оның сөздерін жұма, 27 ақпанда Associated Press агенттігі келтірді.
Трамптың пікірі — Женевада өткен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің кезекті кезеңі аяқталғаннан кейін АҚШ билігінің алғашқы ресми мәлімдемесі болды.
«Олардың бізге қажет нәрсені беруге дайын емес екені мені қанағаттандырмайды. Сондықтан мен бұған разы емеспін», — деді АҚШ президенті.
Трамп Иранға қарсы әскери күш қолданғысы келмейтінін ерекше атап өтті, алайда оның айтуынша, кей жағдайда бұған «баруға тура келеді». Сондай-ақ ол Тегеранның кез келген уран байыту әрекетін «жол беруге болмайтын нәрсе» деп санайтынын айтты.
Сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Х әлеуметтік желісінде Вашингтон Иранды «заңсыз тұтқындауларды қолдайтын мемлекет» деп танығанын хабарлап, бұл «жиренішті тәжірибені тоқтатуға және әділетсіз ұсталған барлық америкалықтарды дереу босатуға» шақырды.