Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова

Мәншүк пулеметін ашық жерге алып шығып, жолдастарына жолды тазалап, фашистердің тікелей бетіне атқан. Мәншүк пулеметтің саптарын қолына тастай қатты қысып алған. Сол қан майданда Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты.

Аялдар Күнтуған

  • 19.11.2024

Мәншүк Мәметова 1922 жылы 23 қазанда Орал облысы Орда ауданы Жасқұс ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Мәнсия. Бес жасынан бастап оны әкесінің немере інісі Ахмет Мәметов және әйелі Әмина асырап алған. Үлкен қара көзі, пысықтығы, ширақтығы үшін олар баланы еркелетіп «Моншағым» деп атады. Өзінен атын сұрағанда, бала «Мәншүк» деп жауап берген. Солай аты Мәншүк боп қала берді.

1937 жылдың қуғын-сүргініне Мәметовтер әулеті де ұшырады. Ғылыми – зерттеу институтының директоры Ахмет Мәметов қамауға алынды. Ол кісінің әйеліне айтқан соңғы сөзі: «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта». Кейіннен Ахмет Мәметовті ақтады, бірақ олардың отбасы қудаланып, «халық жауы» аталды.Есейген Мәншүк әкесінен бас тартпады, оны сатпады. Ол әкесінің қамалуын қате деп санады. Мектепті бітіргеннен соң Мәншүк медицина институтына оқуға түсті.

1941 жылы соғыс басталғанда Мәншүк 18 жаста болатын. Ол соғысқа бару, Отанын қорғау туралы шешім қабылдады.

Өтінішінде: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», – деп жазған. Бір жыл бойы Мәншүк әскери комиссариаттан өзін әскерге жіберу туралы өтінді. 1942 жылдың 13-ші тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанды. Оның құрамында 4890 жауыңгер, оның ішінде 2 қазақ қызы – дәрігер Мәриям Сарлыбаева және Мәншүк Мәметова болған екен.

Бригаданы ұлы дана ақын Жамбыл өлеңімен шығарып салыпты. Әскердің қиындығын Мәншүк ерлермен қатар көрді – жер жорғалап, судан жүзіп, қалың ну ормандардан өтті, пулемет атып үйренді.

21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең жақсы пулемет атқышы атағына ие болды. Ол ержүректің үлгісі болды, оны дивизия жауыңгерлері мақтан тұтты. 1943 жылдың 15-ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде өте қатал соғыс болды.

Мәншүк өзінің әскери бөлімінің шабуылын пулемет отымен қолдады. Мәншүктің басына оқ тиді. Соңғы күшін жинап, Мәншүк пулеметін ашық жерге алып шығып, жолдастарына жолды тазалап, фашистердің тікелей бетіне атқан. Мәншүк пулеметтің саптарын қолына тастай қатты қысып алған. Сол қан майданда Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1-ші наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Мәншүк соғыстан аттанған Алматы қаласына Кеңес Одағының түпкір – түпкірлерінен алғыс хаттар барды. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады.

Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы ән» (авторы – А. Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді.