freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мұқағали Фаризаға ғашық болған ба? Ақын әйелі Лашынға Оңғарсынова туралы не айтты?

Тұлға-таным
Мұқағали Фаризаға ғашық болған ба? Ақын әйелі Лашынға Оңғарсынова туралы не айтты?
ашық дереккөз

Оқырман арасында Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың арақатынасы туралы әңгіме көп айтылады. Алайда бұл тақырыпты уақыт өте келе аңыз бен өсек көмкеріп, шындықтың өзін көмескілендіріп жібергені де рас. Осы тұрғыда Malim.kz ақын, мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқалдың естелігі мен әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлының «Тағдырмен бетпе-бет» атты эссесінде айтылған ой-толғанысынан қаламгерлердің бітім-болмысын аңдап көрді. 

Айтақын Әбдіқал «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған шағын естелігінде Фариза ақынның өз аузымен айтқан сөзінен мысал келтірген. Ол Мұқағалиға да, Мұқағали оған да ғашық болмаған. Фаризаның «жазығы» – Мұқағалидың шын ақын екенін танып, бас иіп құрметтегені, ал Мұқағалидың «жазығы» – жалғызбасты, тағдыры күрделі ақын қыздың поэзиясынан үміт күтіп, бағалағаны ғана. Ақынның айтуынша, ел ішіндегі өсек-аяңға Мұқағалидың өзіне арнаған өлеңдері мен бір-екі тұрмыстық жағдай себеп болған. Бірақ бұл – поэзия мен адамгершілікке негізделген рухани жақындық еді, махаббат емес.

Ал Амангелді Кеңшілік «Тағдырмен бетпе-бет» эссесінде Мұқағалидың Фаризаға арнаған өлеңі мүлде басқа қырынан ашылады. Бұл жерде Фариза – нақты бір әйел ғана емес, ақынның жан жарасын түсінетін, мейірім іздеген символдық бейне. Өмірден түңілген, дос таба алмаған, тағдырмен арпалысқан Мұқағали соңғы сырын әйел затына, нәзіктік пен түсініктің иесіне айтып отыр. Ол әйелді кінәламайды, керісінше, өмір сыйлаған, шабыт дарытқан ұлы күш ретінде көреді. Сондықтан Фариза есімі бұл жырда махаббаттың нысаны емес, ақын жанының соңғы тірегі секілді.

Эсседе Мұқағалидың ақындық табиғаты да терең сипатталады. Өнер адамдары шартты түрде үшке бөлініп, соның ішінде Мұқағали алып қанатты, тағдырына сыймай өткен ұлы ақын ретінде көрінеді. Ол қоғаммен ымыраға келе алмады, әділетсіздікке төзбеді, өлеңді сиямен емес, қанымен жазды. Осындай мінез оны биікке де шығарды, азапқа да салды. Ақынның әйелге мұң шағуы – әлсіздік емес, керісінше, рухани тазалық пен шынайылықтың көрінісі еді.

Фариза Оңғарсынованың жазуынша, әлгіндей өсектің шығуына ең алдымен ақынның оған арнаған өлеңі себеп болуы мүмкін. Оңғарсынова мына бір оқиғаны да дақпырттың өршуіне әсер еткенін жасырмайды.  "Редакцияның төменгі қабатында терезеге сүйеніп, ауырлаң­қырап тұрған Мұқаңа түскі үзі­ліске бара жатқан жақын таныс­тарының да қарамағанына, ешкім ол кісіге назар салмаға­нына намысым келіп, үйіне жет­кізейін деген оймен қызмет көлігіме салып алып нем бар еді? Аға­ларың қатты шаршаңқы… Үйіне жақын­даған сәтте сәл есін жиған ол маған қарай бұрылып:

— Әй бала! — деді. – Шөл қысып бара­ды. Бір шөлмек қызыл алдыршы, — деген соң орыс шопырды жұмсап, тапсырмасын орындадым. Үйінің алдына келген соң, жүргізушіме «ана кісіні үйге кіргіз» деп өтініш айтқанымда Мұқаң:

— Жоқ! Сен өзің табыстайсың жең­геңе! — деді саңқ етіп. Мұздаған торғайдай болған мен байғұс оның қолтығынан ұстап, үйіне қарай сүйемелдеп келемін. Бір қолымда әлгінде шопырға алғызған тор сеткадағы қызыл арақ. Бірінші қабаттағы үйінің қоңырауын өзі басты. Ар жақтан көңілсіз кейіпте өңі көкшіл тартқан жеңгеміз Лашын шықты. Жақтырың­қырамай қарады. Қатты ыңғайсыздандым. Сонда Мұқаң қайтті дейсіңдер ғой?

— Әй, Лашын! Әлгі мен айтып жүрген бала осы. Біліп ал! — деді. Неге олай айт­ты?…Үрпиіп үйіне дейін мен неге келдім?. «Ақымақ шығармын?!» дедім іштей өзіме-өзім. Жазығым — ағаларыңды көшеге тастап кете алмағаным. Ақымақтығым – қыз бала басыммен әлгіндей жағдайдағы ақынды тура есігіне дейін жетелеп әкел­генім ғой. Мына елдің Мұқаң екеуміз жайлы өсегінің бір ұшы осында да жатқан шығар деп ойлаймын кейде. Обалы не керек, Лашын жеңгем артық сөз айтқан жоқ».

Фаризаның естелігіндегі де, эсседегі де ортақ ой – Мұқағали жалған сезімнің, жасанды даңқтың ақыны емес. Ол тірісінде мейірімге, түсіністікке зәру болды. Замандастарының кейінгі ақтаулары мен жылы естеліктері ақынның көзі тірісінде көрмеген жылуды алмастыра алмайды. Мұқағалидың өлеңдерінің мұңлы рухы соны дәлелдейді.

Осы екі мәтінді қатар оқығанда, Фариза мен Мұқағали арасындағы байланысты махаббат дастаны ретінде емес, екі үлкен ақынның рухани сабақтастығы, адамдық сыйластығы ретінде қабылдаймыз. Бұл – өсекке емес, өлеңге сүйенген шындық. Мұқағали үшін Фариза – тағдыр тәлкегінде жаны тоңған ақынның маңдайынан сипайтын мейірімнің символы еді. Ал Фариза үшін Мұқағали – бас июге лайық ұлы ақын. Осы шындықты түсінгенде ғана біз олардың өлеңіне де, өміріне де әділ қарай аламыз.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу