Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі - ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Түркістан қаласында орналасқан. 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді.
Кесене аңызы
1396 жылы Орта Азияның билеушісі Ақсақ Темір Қожа-Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде Қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Кесене салынып жатқан кезде қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Ұлы Билеушінің түсінде бір ақсақал аян беріп, "Қожа-Ахметтің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанға, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар" депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. "Арыстанның қабірін қалай табамын?" деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері "Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстанбабтың басына барады, осылайша табасың" деп айтқан екен. Арыстанбабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылғанға ұқсайды.
Арыстанбабтың жерленген жері жөнінде тағы да бір қызық аңыз бар. Арыстанбаб қайтыс болмай тұрып, тірі кезінде Қожа Ахмет Ясауиге "Менің саған айтар аманатым, жасым келді, қартайдым. Қайтыс болсам жаназамды сен оқисың. Жас та болсаң, сен тегін адам емессің. Пайғамбарымыздың (с. ғ. с) аманат жіберген адамысың. Менің жаназамды оқысымен күн батыс жақтан бір ақ түйе келеді. Соған денемді артып, басын бос қоя сал. Түйе қайда барып шөксе, сол жерге сүйегімді жерле" деп айтыпты. Сол аманат бойынша, Арыстанбабтың жаназасына жиылған адамдар ақ түйенің соңынан ереді де отырады. Түйе Отырар өңірінің батыс жағына келіп шөгеді де, сол жерге Арыстанбабтың сүйегі қойылады. Арыстанбаб Түркістанда қайтыс болғанымен, Отырарда жерленген.
Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралайық. Әмір Темір Түркістаннан кірпіштерді тасытып, Арыстанбабтың басына үлкен күмбезді кесене салдырыпты. Содан кейін ғана Қожа-Ахметке арнап салынып жатқан кесене құламапты да, әміршінің тірлігі алға басыпты.
Кесененің ерекшелігі
Кесене - үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Архитектуралық жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені - 46,5 м, ұзындығы - 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі - онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені - 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы - 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 м. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы - 1,8-2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы - 3 м. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мешіт, медіресе қызметін де атқарған. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан «Алла», «Мұхаммед», «О, жарылқаушы», «Билік Аллада», «Алла менің әміршім», «һижраның 800 жылы» деген сөздерді оқуға болады. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Бұларда оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һижраның 799 жылы 20-рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі - қабірхана ортасында Қожа Ахмет Яссауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Кесене мешітінің 16 терезесі, қос қабат күмбезі бар. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жер асты ғибадатханалары Яссауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған. 16 ғасырдан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады. 19 ғасырдың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды. 1864 жылы Түркстан қаласын жаулап алған Ресей отаршылары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірді. 19 ғасырдың соңына қарай Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.