АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Ирандағы әскери мақсаттарының басым бөлігін орындап болғанын және операцияны жақын арада аяқтауды көздеп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.
Ақ үйде халыққа арнаған үндеуінде Трамп Иран төңірегіндегі қазіргі ахуалға тоқталып, АҚШ барлық әскери міндеттерін қысқа мерзім ішінде аяқтап қалатынын айтты. Сонымен қатар алдағы 2–3 апта ішінде Вашингтон Иранға «өте қатаң соққы» жасайтынын ескертті.
Президенттің айтуынша, «Эпикалық қаһар» деп аталған операция басталғалы бері АҚШ алға қойған мақсаттарының көпшілігіне қол жеткізген.
– Бүгін кешке айтарым, біз негізгі стратегиялық мақсаттарды аяқтауға жақындадық. Америка барлық әскери міндеттерін өте қысқа мерзімде аяқтауға бет алды, алайда алдағы 2–3 аптада біз оларға өте қатаң соққы жасаймыз, — деді Дональд Трамп.
Сондай-ақ АҚШ басшысы бұл шабуылдардан кейін Иран «тас ғасырға кері шегінеді» деп мәлімдеді.
Трамп бұдан бөлек Израильге, Сауд Арабиясына, Қатарға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кувейт пен Бахрейнге алғыс айтып, АҚШ олардың қорғаныс саласындағы қолдауын жалғастыратынын жеткізді.
Президент Ирандағы мақсаттарының ешқашан билікті ауыстыру болмағанын айтқанымен, жоғары басшылықтағы тұлғалардың жойылуы іс жүзінде «режим ауысуына» алып келгенін алға тартты.