Түркістан облысында жарысқа бара жатқан жолда үш жас спортшы жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы оқиға 22 сәуір күні Арыс – Шардара тас жолында болған. Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушысы отырған Chevrolet Cobalt көлігі КАМАЗ жүк көлігімен соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көліктегі үш жолаушы дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды.
Chevrolet жүргізушісі мен аман қалған тағы бір жолаушы шұғыл түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Жүк көлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған спортшылар жаттықтырушы-жүргізушімен бірге Түркістан қаласына жарысқа бара жатқан. Алайда кәмелетке толмағандарды тасымалдау туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға, соның ішінде полицияға хабар берілмеген», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеумен қатар, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау бабы бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.