Мәлім де беймәлім Арқа балуандары

Ішінен шалып жіберіп, көтере соғып-ақ жіберді

Олжас Қасым

  • 08.01.2023

Арқа өңірінде атағы атырапқа жайылған батыр, балуандар көптеп шыққан. Қандай да бір сән-салтанат, жиын-той, жәрмеңке  оларсыз өтпейтін кезеңдер болған. Ата-бабамыздан лайықты жалғасқан бекзада өнердің кейінгі уақытта кетеуі кете бастаған еді. Бүгінде жауырыны жер иіскемеген қара күш иелерінің жолын жалғайтын буын аз да болса өсіп келеді. Еліміздің әр қиырында дәуірінде даңқы  жайылған небір балуан өткен. Өскелең ұрпақ олар жөнінде біліп, өмір тарихын түйсініп, баһадүрлерге болмаса да ұқсап бағып өссе құба-құп.  


ПАҢ НҰРМАҒАМБЕТТІ ЖЕҢГЕН БАЛУАН

Арқа өңірінде өткен қайратты батыр, балуанның бірі – Бикелді Сатайұлы.  Оның заманы қазақ орысқа біржола бодан болып, қалмақ шабуылынан арылған шағы.  Бикелдінің батыр, балуандық өнері Арқа қазақтарына тарап, барымта кезінде немесе ас-той үстінде қарсыласын шыдатпайтын мығым деген атағы ат тұяғы ілігер жерге жетеді. Бір күні түнде Бикелдінің шаңырағы маңынан ат тұяғының тасыр-тұсыр дыбысы естіледі. Әлдекім киіз жаппаның есігін найзасымен түртіп ашып: «Әй, Бикелді. Асаубай ағаңның сабасын керегеге ілдім, бар жылқысын алдыма салып айдап барамын. Қатын болмай, батыр болсаң, күн шыға «Соқырдың Соранынан» табасың мені. Мен Алтайдың Алданазар батырымын. (Ред. Медеу Сәрсекенің жазуынша, кейбір айтушылар оны Паң Нұрмағамбет дейді) деп дүрсілдете шауып кетеді.  Бикелді төсегінен атып тұрып, дереу аттанбақ болса, бәйбішесі мінезді, ақылды кісі болса керек, «Батырекесі, бұл нағыз жау емес, сені сынауға келген жан ғой, әзірленіп бар»,- деп Қаңтарбай атты ұлын жұмсап, арқандаулы тұрған Суанкөк атын алдырады. Тығулы жатқан «Қаттау» деп аталатын сауытын кигізіп, қару-жарағын асындырып аттандырады.  Екі батыр Қарағанды аймағындағы «Соқырдың сораңы» атты таулы жердің жайдақ бөктерінде кезігеді.  Ол уақытта Бикелдінің елі Нұра өзенінің бойын жайлап отырады екен. Алданазар да өзіне сенген баһадүрдің бірі болса керек, қуғыншының найзасын дарытпай қағып тастай беріпті. Ал Бикелді асқан найзагер екен, ұшы ілінсе-ақ найзасымен іліп алып, жерге сылқ еткізетін әдеті болған екен. Екі мықты шай қайнатым уақыт найзаласып, бір-бірін ала алмаған соң Бикелді тағы бір мәрте түйреуге қамдана беріп, «Әй тасыраң батыр, алдыңнан бермесең, артыңнан аламын, жөндеп бір қарашы» деп ақырыпты. Өзі ауылынан болат деген серігіне бастатқан Асаубайдың жылқышыларын ерте шығып, бір төбенің астына қалдырып кетеді. «Жете бергенде алғызбаса, төбеге шығып белең беріңдер»,- деп тапсырып қояды. «А, не дейді»,-деп Алданазар артына жалт қарағанда, аңдып тұрған Бикелді қарсыласының сауытын мойнынан асыра байлаған үзік бауына найзасын іліп жіберіп, аттан көтеріп тастапты. 

Үстіне құсша шоқиып мініп алған Бикелдіге Алданазар сонда: «ау, жаным сен жеңдің, мен жеңілдім, қу жаныма сауға!»,- депті. «Күшіңмен алған жоқсың, әдіспен алдың. Ақылың менен артық екен. Мен аңғалдықпен ұтылдым. Кеше түн ішінде әдейі Сораңды далдалап айтып едім. Ашумен тұра ұмтылса – есігінің алдында, қамсыз шыққанда іліп тастайын деп, ал бүгін көзім тайған сәтті аңдып тұрып, жылдамдықпен іліп кеттің. Сөйтіп, мені бір емес, екі мәрте жықтың. Енді босат, сені сынауға келіп едім. Қазақ баласына атағы жеткен Бикелді қандай батыр екен, әуселесін байқайын деп... Күшіңе ақылың тең нағыз ер екенсің. Сенімен жау болғаннан гөрі дос болған артық екен, соны ұқтырдың» депті.

Алданазар ер (мүмкін бұл Паң Нұрмағамбет) астындағы атын Бикелдіге айыпқа беріп, Асаубайдың жылқысын түгел қайырады. Ал жетегіндегі атын сол жерде сойып, іздеп шыққан бәсекелесімен дос болып аттанады. Бикелді батырдың Қаңтарбайы да белдескенін алмай тыным таппайтын білекті балуан болған.

Балуандар күресі 

ТҰҢҒЫШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ӘКЕСІ БАЛУАН БОЛҒАН 

Сол кездегі Қарқаралы уезінде Арқаның Смақ балуанының дабысы біраз жерге тарайды. Қаламгерлер Мұқатай Тоқжігітов, Сапарғали Бегалин, Әшімбек Бектасов  және әнші Байғали Досымжановдың әр кезеңде жариялаған естелік-эссе, хикаяттарына қарағанда, Смақ асқан балуан ғана емес, керемет әнші де болыпты. Белгілі әнші Байғали Досымжанов өзінің бір естелігінде «Біздің ауылдан өнерге етене жақын, халық таланттары көп шыққан. Әміре, Жақыпбек, Смақ, Жүсіпбек...»,-деп жазады.  Мәдитанушы Әшімбек Бектасов Смақ балуанды Арқа жұртына есімі мәшһүр мәди Бәпиұлының сенімді серіктерінің бірі еді деп еске алған. Ал жазушы Сапарғали Бегалин 1921 жылы Қарқаралы қаласында өткен Қазақ автономиясының бір жылдық тойын еске ала отырып, «Замана белестері» атты кітабында мынадай дерек келтіреді.  «Жалпақ жауырынының топшасы түйдектеле, шалқақ балғын денесі жұмырлана, балтыры жарқыраған Смақ та  ортаға шығып... қарсыласының жауырынына қол тиген мезетте, оның аяғын сермеуіне мұршасын келтірмей еңкейте басып қалып, ішінен шалып жіберіп, көтере соғып-ақ жіберді» деп суреттейді.  Осы тойда бас балуан бәйгесін жеңіп алған Смаққа губерния өкілі һәм бас төреші Мұхтар Әуезовтің иығына шапан жауып, басқадай да сыйлықтар бергенін Әшімбек Бектасов та куәлік етеді

Заман тепкісіне түскен балуан жігіт отызыншы жылдарда Семейге қоныс аударып, түрлі өндіріс орынында жүкші болып еңбек етеді.  Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда еңбек армиясына алынып,  Новосибирск қаласындағы авиация зауытында жұмыс істеп жүріп, ауыр сырқатқа ұшырап, 1942 жылы туған жеріне оралады да дүниеден озады. 

Смақ балуаннан қалған ұлдың бірі  - қазақтың тұңғыш қаржы министрі болған – Рымбек Байсейітов. Ол өмірінің соңғы жиырма жылында министр қызметін абыроймен атқарды. Ұлы да бала кезінде боз кілемге шығып, күреске түскен екен.  Алайда, Байсейітов спортты өміріне серік етпеді. Смақтың ұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысқан.  Әкесіне тартқан оғлан қан майданда жаудың үш танкісін бірден жойғаны үшін «Кеңес одағының батыры» атағына ұсынылған.

Мадиян Түсіпұлы 

 ӘНШІ  ӘМІРЕНІҢ ЖАН СЕРІГІ 

Смақ балуан сияқты бір бойына қайрат пен өнер тоғысқан жанның бірі – Мадиян Түсіпұлы.  Мадиян жас кезінде білегінен күш саулаған мықтының өзі болыпты. Балуанның туған жері бұрынғы Семей облысы Ақбұлақ ауылы. Сол жерде батыр тұлғалы азаматтың таудан көтеріп әкелінген тасы тұр.  Бағалы  жәдігер Ақбұлақ ауылынан 30 шақырым болатын бұрынғы қыстауы    Ақшоқы деген өңірге қойылған.  Ауылдастарының айтуынша, алып тастың салмағы 100 келіден  асып жығылады.  Шамамен, екі кісі әрең дегенде орнынан аздап қозғалтады екен. Тастың қалыңдығы 30, ұзынығы 70-80 сантиметр шамасында.

Мадиян балуан жөнінде  қатарластары небір қызық хикаялар қалдырған.  Бірде қыстыгүні Ақшоқы қыстағы маңайында қардан жалаңаяқ жүрген адамның ізі көзге шалынады. «Қақаған қыста жалаңаяқ жүрген бұл кім болды екен?»,- деп ізді қуалай барса, Мадиян қария қара терге түсіп, кең көйлегін   айқара ашып тастап, ағаш шауып жатыр екен дейді. Мадиян Түсіпұлы  туралы тағы бір қызықты дерек бізге жеткен. Есімі елге мәлім  шежіреші Бекен Исабайұлы  бір еңбегінде оның әйгілі әнші Әміре Қашаубаев шаңырақ құрғанда жігіт жолдас болғанын жазады. Әншінің Ақбұлақ өңірінде  дүниеге келгенін ескерсек, бұл жағдайға  илануға болатын секілді. Алып адам Семей өңіріндегі сайыс-бәсекелердің барлығында басым түсіп отырғанын да Бекен Исабаев тілге тиек еткен. Әбеқоңыр тіршілік кешкен қарт өнер жолын қумай, ауыл шаруашылығымен айналысқан. 70-інші жылдардың орта тұсына дейін ауылда тұрған қара күш иесі 1975 жылы Бородулиха ауданында ұрпақтары қолында тұрып, дүниеден озған.   

 

Байланысты жаналықтар

Нұрғазы Сасаев: Арманымыз рекордтар болды. Соның зардабын тартып келеміз...

19.07.2024

"Түбіме жететін шығар". Актриса Дариға Бадықова оқырмандарына жан сырын ақтарды

05.07.2024

Димаш Құдайберген Қытай басшысы Си Цзиньпин алдында өнер көрсетті

03.07.2024

"Тілге деген құрмет болуы керек": Димаштың мәлімдемесі көпшілікті сүйсінтті

01.07.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Жамбы атудан ұлттық құрама – әлем чемпионы

19.06.2024
MalimBlocks
Нұрғазы Сасаев: Арманымыз рекордтар болды. Соның зардабын тартып келеміз...

Бар кінә мен кінәрат – дайындық пен әзірліктен

"Түбіме жететін шығар". Актриса Дариға Бадықова оқырмандарына жан сырын ақтарды

Актриса өзін аңқау деп ойлап, алдауға даяр тұратындарға жауап берді

Димаш Құдайберген Қытай басшысы Си Цзиньпин алдында өнер көрсетті

"Тілге деген құрмет болуы керек": Димаштың мәлімдемесі көпшілікті сүйсінтті

Өнер иесі тілге деген құрметтің маңызды екенін атап өтті

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Жамбы атудан ұлттық құрама – әлем чемпионы

Дүбірлі дода «Мажар», «Азия», «Император», «Саран» стилдері бойынша өтті