Әлемнің бірқатар елдерінде авиакомпаниялар жанармай бағасының күрт қымбаттауына байланысты рейстерді жаппай қысқарта бастады. Бұл туралы Bloomberg жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәліметке сәйкес, авиациялық керосин бағасының өсуіне Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс пен мұнай жеткізіліміндегі қиындықтар себеп болған. Нәтижесінде әуе тасымалдаушылары ұшу кестесін қайта қарап, рейстер санын азайтуға мәжбүр.
Сарапшылардың бағалауынша, мамыр айында авиакомпаниялардың жалпы жүктемесі шамамен 3%-ға төмендеуі мүмкін. Бұған дейін керісінше өсім күтілген еді. Яғни, нарық кеңеюдің орнына қысқара бастады.
Жағдайды жанармай тапшылығы одан әрі ушықтыруда. Еуропадағы сала өкілдерінің айтуынша, қолда бар қорлар небәрі бірнеше аптаға ғана жетуі мүмкін.
Шығындарды азайту үшін ірі авиакомпаниялар ұшу бағдарламаларын қысқартып жатыр. Мәселен, KLM Амстердамнан ондаған рейсті тоқтатты. Осындай қадамдарды америкалық және неміс әуе тасымалдаушылары да қолға алған.