Вашингтонда Ақ үй аумағы маңында белгісіз ер адам мен АҚШ Құпия қызметі қызметкерлері арасында атыс болды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан шабуыл жасаған адам жараланып, кейін ауруханада көз жұмды.
АҚШ Құпия қызметінің мәліметінше, 23 мамыр күні кешкі уақытта қолында сөмкесі бар ер адам Ақ үй қоршауына жақындап, ішінен қару алып, қызметкерлерге оқ атқан. Қауіпсіздік қызметі жауап ретінде оқ жаудырып, күдіктіні жаралаған.
Ер адам ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Қазіргі уақытта оның жеке басы жарияланған жоқ. Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Атыс кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан тағы бір адам жарақат алған. Оның жағдайы туралы ақпарат берілмеді. Ал Құпия қызмет қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ.
Оқиға сәтіндегі атыс дауысы ABC телеарнасының тікелей эфиріне де жазылып қалған. Арна тілшісі Селина Ванның айтуынша, бірнеше ондаған оқ атылғандай естілген. Осыдан кейін журналистерге ғимарат ішінде жасырыну туралы бұйрық берілген.