Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Халық уәдесін орындамаған депутатты креслосынан айыра алады

Саясат
Халық уәдесін орындамаған депутатты креслосынан айыра алады

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова халық сайлаған депутатты кері қайтару тәртібін түсіндіріп берді. Алдағы уақытта Қазақстан заңнамасына императивті мандат енгізіледі.

Қазіргі кезде мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, императивті мандатты енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Мұқанова халық қандай жағдайда депутатты мандатынан айыруы мүмкін екенін айтты.

"Мысалы облыстық мәслихат депутатын кері қайтару мәселесі көтерілді дейік. Оған қатысты механизм мынадай болатын шығар: егер ол сайлауалды уәделерін орындамаса, оны сайлаған халық алдымен бастамашыл топ құрып, тіркеуден өтеді. Одан кейін белгілі бір уақыт беріледі. Сол кезде олар үгіт-насихат жүргізіп, депутатты өзіне жүктелген міндеттерін орындамағаны үшін мандаттан айыруға бастама көтереді. Қажетті дауыс саны жиналса, депутат кері қайтарылады", - деді Мұқанова.

Вице-министрдің сөзінше, мамандар облыс, қала мен аудан деңгейінде сайланатын депутаттарды кері қайтаруға қажетті дауыс санын есептеуге кіріскен.

"Шынын айтқанда, бұл механизм іске қосылса, халықта депутаттардың қызметіне ықпал етуге мүмкіндік туады. Сол кезде депутаттардың жауапкершілігі күшейіп, өздерін кері қайтаруға болатынын біліп жүреді", - деді ол.

Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жолдауында мәжіліс депутаттарының бір бөлігін мажоритарлық жүйемен сайлауды ұсынған еді. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар сайлаулары толығымен мажоритарлық жүйеде өтеді, яғни депутатты тек халық сайлай алады. Сонымен қатар Тоқаев императивті мандатты енгізу қажет екенін де айтқан болатын.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу