Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

ЮНЕСКО: Қазақстан мұраларын халықаралық деңгейде танымал ету мәселесі көтерілді

Мәдениет
ЮНЕСКО: Қазақстан мұраларын халықаралық деңгейде танымал ету мәселесі көтерілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Іс-шараға тиісті мекемелердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНЕСКО комитеттері мен қауымдастықтарының басшылары қатысты.

Жиында ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен арадағы ықпалдастықты дамытуға қатысты басымдықтар мен жоспарлар талқыланды.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударатынын айтып, оның тапсырмаларын орындаудың маңызына тоқталды.

ЮНЕСКО ұйымы өткен жылдың соңында қазақтың бірегей салты – «Беташарды» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік (үлгілі мұралар) тізіміне енгізген болатын.

Осы ретте Ұлттық комиссия мүшелері ұйымның бұл шешімін ерекше ықыласпен қабылдады. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге «Беташардың» аталған тізімге енгені туралы түпнұсқа сертификатты табыс етті.
Сондай-ақ отырыста Қазақстанның мұрағаттық және тарихи-құжаттық материалдарын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» атты халықаралық тізіміне енгізуге қатысты жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударылды. Мысалы, 14 жыл үзілістен кейін, биыл сәуір айында осы тізімге «Хандар шежіресі» қолжазбасы енгізілді.

Басқосуда алдағы іс-шараларға қатысты мәселелер де қарастырылды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өту және Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясына дайындық жұмыстары талқыланды.

Фото: Ақорда

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу