Жамбыл облысының Қордай ауданында екі жасөспірімнің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға Қаракемер ауылында болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер жеке тұрғын үйдің сарайынан табылған. Олар бір-бірімен дос болғанымен, бір отбасының мүшелері болмаған.
Өңірлік полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.
Алдын ала болжам бойынша, бұл оқиға суицид болуы мүмкін.
Облыс әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, оқиға орнына өңір басшылығының өкілдері барған. Қазіргі уақытта мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетілуде.
«Жағдай бақылауда. Оқушылар мен ата-аналарға қажетті психологиялық қолдау ұйымдастырылды», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу нәтижесінде белгілі болады.