2026-2027 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептеріндегі білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңартылған бағдарламалар оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары Жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды.
Жаңа оқу жылынан бастап:
5-7-сынып оқушыларына «Конституция негіздері»;
8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп»;
5-11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізіледі.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті пән болады. Оның мазмұны да Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына сәйкестендірілді.
Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіледі. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінің атауы өзгеріп, мазмұны жаңартылады.
Осылайша, жаңа оқу жылында оқушылар тек дәстүрлі білім алып қана қоймай, құқықтық сауаттылық, жеке қауіпсіздік және заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге бағытталған жаңа курстарды да оқитын болады.