Қаржы реттеушісінің ұстанымын Сенат кулуарында өткен брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шегін арттыру идеясы қолдау табуда.
«Біз шектерді арттыру идеясын шынымен қолдаймыз, себебі бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, азаматтарды зейнетке шыққан кезде қорғауға мүмкіндік береді. Зейнетақы активтерінің басты әлеуметтік маңызы – қартайғанда жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз ету», – деді ол.
Сонымен қатар, мерзімінен бұрын алу үшін қажетті ең төменгі жинақ көлемі әзірге нақты анықталмаған.
Шекті мәндер Қазақстан Ұлттық банкі, Еңбек министрлігі және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қатысуымен талқылаудан кейін жарияланады.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай де жеткіліктілік шегін есептеу тәсіліндегі өзгерістерге түсініктеме берген еді.
2026 жылғы 23 сәуірде Әлия Молдабекова Сенат кулуарында Ұлттық қор қаражатын пайдалану туралы да пікір білдірді.
Оның айтуынша, контрциклдік бюджеттік ереже енгізілгеннен кейін трансферттер айтарлықтай қысқарған.
«Былтырғы жылы Ұлттық қордан бөлінген трансферттер көлемі 5,2 трлн теңгеден асты. Ал биыл ол шамамен 2,2 трлн теңгені құрайды. Бұл айтарлықтай қысқару, себебі биыл тек кепілдендірілген трансферттер ғана қарастырылған, – деді ол.
Бұл шаралар Ұлттық қордан қаражат алуды азайтып, оны тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өткен жылы Ұлттық қордың табысы рекордтық деңгейге жеткен:
«Былтырғы жылы қордың табысы 8,7 млрд доллар болды. 2023 жылдың соңында қор көлемі 58,8 млрд доллар болса, 2025 жылдың соңында 63,9 млрд долларға жетті. Қазіргі нарықтық құны – 64,6 млрд доллар», – деді спикер.
Журналистер Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қатаң шектеулер енгізу мәселесін де көтерді.
«Контрциклдік бюджеттік ережеге сәйкес трансферттер шектеледі. Кепілдендірілген трансферт мұнай бағасының консервативті болжамына негізделіп белгіленеді, ал мақсатты трансферттер мемлекеттік шығыстар лимитімен шектеледі», – деп түсіндірді Әлия Молдабекова.