Егер Беларусь ресейлік әскерилерге жанармай жеткізуді тоқтатпаса, Киев алдымен жария түрде, кейін «басқа да» қадамдарға барады. Мұндай қоқан-лоқыны Зеленский телемарафон барысында айтты, деп хабарлайды malim.kz DW орыс қызметіне сілтеме жасап.
Беларусь басшысы Александр Лукашенко мен Украина президенті Владимир Зеленский 2019 жылы
Беларусь ресейлік армияға жанармай жеткізуді тоқтатуы тиіс, әйтпесе Украина алдымен жария, кейін «басқа да» қадамдарға барады. Мұндай мәлімдемені Украина президенті Владимир Зеленский «Бірыңғай жаңалықтар» телемарафоны барысында жасады. Украина мемлекеті басшысы бұл сұхбаттың үзінділерін 21 маусым, жексенбі күні кешке Telegram арнасында жариялады.
Бұған дейін, 19 маусымда Зеленский Киевте Гондурас президенті Насри Асфурамен өткен баспасөз мәслихатында Беларусь басшысы Александр Лукашенкоға Ресейдің украин қалаларына жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары соққыларын түзететін ретрансляторларды алып тастау үшін бір апта уақыт бар екенін айтқан. Әйтпесе мұны Украинаның өзі жасайды деп қорқытқан. Бұл мерзім 26 маусымда аяқталады.
Сол кезде Украина басшысы Беларусьті Ресей армиясына мұнай өнімдерін жеткізетін негізгі елдердің бірі деп атап, Лукашенконың мұны тоқтатуға қауқарлы екеніне сенім білдірген, өйткені «мұның бәрін дәл өзі бақылап отыр».
Оған дейін Беларусь басшысы «Әл-Арабия» телеарнасына сұхбат беріп, Владимир Зеленскийге қатысты айтқан өткір сөздері үшін кешірім сұрап, Минсктің соғысқа қатыспайтынына сендірген болатын.
Зеленский Беларусь аумағындағы ретрансляторлар туралы
21 маусымда «Бірыңғай жаңалықтар» телемарафонына берген сұхбатында Зеленский ретрансляторлар тақырыбына қайта оралды.
«Арнайы қызметтер мен әскери құрылымдар деңгейінде Беларуське: «орыстарға көмектесуді тоқтатыңдар» деген ақпарат берілді», – деді Украина президенті.
«Ретрансляторлар тарихы – ұзаққа созылған процесс. Оның салдарынан тек Украина тарапы ғана құрбан болып отыр. Олар техникалық деңгейде үйлестіріліп, ресейлік және ирандық дрондардың украиндарға қарсы соққыларды дәлірек жасауына мүмкіндік береді. Лукашенко бұл ақпаратты алған. Сондықтан ол деэскалацияны жай ғана «Кешірім сұраймын» деген сөзбен емес, нақты іспен көрсетуі керек. Өзінің «кешірім сұраймын» дегенін өзіне қалдырсын: ол соғыстың екінші күнінен бастап-ақ әсерін жоғалтқан», – деп жалғастырды ол.
Сонымен қатар Владимир Зеленский Киевтің жария ескертуінен кейін Лукашенко ретрансляторларды өзі алып тастамаса, «бәрін де демонтаждаймыз» деп уәде берді.
Украинаның Ресей МӨЗ-деріне жасаған шабуылдары және Ресейдегі жанармай дағдарысы
Украина Қарулы күштерінің Ресейдің мұнай-газ нысандарына, ең алдымен мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жасаған соққыларының соңғы уақытта жиілеуіне байланысты Ресейдің бірқатар өңірлері, сондай-ақ аннексияланған Қырым жанармай тапшылығына тап болды.
2026 жылғы 18 маусымға қараған түні украиналық дрондардың Мәскеу мен Мәскеу облысына жасаған шабуылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бергі ең ауқымды шабуыл болды. Шабуылдың нысаналарының қатарында Мәскеу мұнай өңдеу зауыты да болған.
Ресей билігінің мәлімдеуінше, сол түні әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері тек Мәскеу өңірінің өзінде 200-ге жуық дронды қағып түсірген немесе жойған.