Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Украина аумағына, соның ішінде Киевке комбинирленген шабуыл жасауға дайындалып жатқан болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Украина барлау қызметтері бұл жөнінде АҚШ пен Еуропадағы серіктестерінен мәлімет алған. Зеленскийдің сөзінше, шабуыл барысында «Орешник» атты орта қашықтықтағы баллистикалық зымыран қолданылуы ықтимал.
«Украина аумағына түрлі қару түрлерін пайдалана отырып, комбинирленген соққы жасауға дайындық белгілері байқалады. Мұндай шабуылда орта қашықтықтағы аталған қару қолданылуы мүмкін», – деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
Сонымен қатар Украина басшысы қазіргі уақытта бұл ақпараттың тексеріліп жатқанын айтты.
Зеленский тұрғындарды әуе дабылы сигналдарына мұқият болуға шақырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті