Белгілі композитор әрі әнші Ұлықпан Жолдасов қазіргі жас орындаушылардың шығармашылығына қатысты өз пікірін білдіріп, қатқыл сын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі жастар ән мәтініне де, орындау мәнеріне де жеткілікті деңгейде назар аудармайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі әсіресе жас әншілердің сөз мағынасына салғырт қарауы мен орынсыз стильдерді қолдануы қарын аштыратынын жеткізді.
"Жүйкем шыдамайды. Тыңдап отырған құлаққабымды лақтырып жіберемін. "Таңертең мас күйде, отырдым таксиге, анам мені күтеді ас үйде" дейді. Бұл не деген сөздер? Кейбіреулер боқтап та айтады. Осылар арқылы танымал боламыз деп ойлай ма? Ән де, өнер де сайқымазаққа айналды. Тыңдайтын дүние қалмады", – деп қынжылды ол.
Көпшілік бұл пікірдің жас орындаушы Sadraddin орындайтын "Такси" әніне қатысты айтылғанын бірден байқады.
Ұлықпан Жолдасов жастардың орындау техникасына да сын айтты:
"Жақсы әндер жоқ емес. Бірақ көптеген әнші сөзді шайнап айтады. Таза, анық айту деген түсінік ұмытылып барады", – деді ол.