Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Malim.kz.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Сондай-ақ Жапонияның Ұлттық саясаттық зерттеулер институтында «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін қорғаған. Бұдан бөлек ол 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енген.
Еңбек жолында Зүлфия Сүлейменова әртүрлі мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда қызмет атқарды. Атап айтқанда, ол ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қоршаған орта және орнықты даму мәселелері бойынша кеңесшісі (Бангкок, Таиланд), сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан мен Түрікменстандағы кеңселерінде энергетика және экологиялық саясат бағытында кеңесші болды.
Оған қоса 2022 жылғы наурыз – 2023 жылғы 4 қаңтар аралығында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкері, кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, ал 2023 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарған.