MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 20.03.2021

(Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парыз» фильмі жайлы)

"Өтелмеген парыз" фильмі әлі күнге дейін ұмытылмай, жұрт көңілінде жүрсе  онда ол, ең алдымен Әнуардың мықтылығынан, Әнуардың жақсылығынан, Әнуардың шеберлігіне". Фильм режиссеры да әдемі қартайыпты. Өзін емес, өзгені мақтайды. Өтелмеген парыз фильмі режиссері Серік Жармұхамбетов ұлылардың қасында өткен шығармашылық өмірін ерекше мақтаныш, ыстық сағынышпен еске алады.  Фильм сценарийі жазушы Смағұл Елубайдікі.

Өтелмеген парыз фильмнің қысқаша мазмұны

Жалғыз ұлы Сұлтан көлік апатына ұшырап, қайтыс болған соң Қожабек қария «қалада Сұлтаннан қалған бала бар» деген қауесетті естиді және сол немересін іздеп таппаққа әрекет етеді. Алайда,  баласының артында қалған тұяғын іздеп қалаға келгенде  қарт ұлы  Сұлтанның мұнда бейберекет өмір сүргеніне  куә болады. Сұлтанның досы Нұрлан қарияға немересін іздеседі. Алайда, ұлы үйленбек болған қыздың анасы қартты немересіне жолатпайды. Үміті күл болып, тауы шағылған қария немересіне жинаған асықтарын арқалап ауылына қайтады...

Фильм идеясы Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» прозасы негізінде өмірге келіпті. 1983 жылы түсірілген фильмнің өміршеңдік сырына біз бұл жолы режиссер Серік Жармұхамбетовпен бірге үңілдік. Әңгіме барысынан түйгенім төмендегідей:

  • Ұлт әдебиетінен негіз алатын фильмдер өміршең. Олар уақытқа, кезеңге, адамға, өзгерген жаңа құндылықтарға бағынбайды, себебі ондағы тақырып, рухани ізденіс - мәңгілік.  Жазушы, сценарист, режиссер үштігінің баянды жеңісі осы тұстан бастау алады.
  • Бізде салмағы ауыр сөздер көп. Әсіресе ол қарыз бен парызға қатысты айтылар болса. «Өтелмеген парыз» фильмінің өміршеңдігін осы сөздің фильмнің атауы есебінде алынуынан да, одан әрі тереңдесек, сюжеттер барысымен лықси беретін адами сезімдерден де көруге болады. Қай қырынан келсек те, көңілге қозғау салатын ауыр фильм, көрерменнің әрқайсысын адами өлшем таразысымен табыстыратын ойлы фильм.
  • Өтелмеген парыз, өтелген парыз. Бұл ақыл-ойға ие күллі адамзаттың саналы, әрі бейсаналы түрде жүзеге асыратын әрекеті. Фильмдегі Қожабек ақсақал мен оның жалғыз ұлы Сұлтанның мысалымен автор әр көрерменін санадағы өз парызымен табыстырады. «Менің қандай парызым өтелді, қайсысы өтелмеді?»-деген сауалмен бетпе -бет келетін қай- қайсымыздың да ішімізді арманда қалған қыпылық өкініш тырнайтыны, не болмаса өтелген парыз үшін бір масаттану сезімі билейтіні анық.
  • Өтелмеген парыз фильмі Өтелмеген парыз фильмінен

  • Әнуар Молдабековке «ұлы» деген сөзді еншілетудің еш артықтығы жоқтығын көресіз. 46 жастағы актердің алпыстан асқан ақсақалдың ішіндегі «астаң -кестеңді» асқан шеберлікпен көрерменге ақтарып беруі кинодан көп кездестіре бермейтін шеберлік. Мәселен, фильмде Қожабек ақсақалдың немерелерін далада ойнатып жүрген кейуанамен сөйлесіп қалатын шағын диалогы бар. Немерелеріне батыл айғайлап: «Өздерін баққаным аздай енді немерелерін бақтырып қойды. Құрсын!» дейтін кемпірге: «Е, бәйбіше, бар болған соң шалқаясың ғой»-дейтін жерде  46-дағы Әнуар еш күмәнсіз көрерменнің көз алдында  терең тағдырлы, аяулы бір ақсақалға айналып шыға келеді.
  • Режиссер Серік Жармұхамедовтен: «Қарияны сомдаған актердың бет әлпетінде әжім жоқ. Әнуар Молдабековтың бет жүзі жылтырап, тартылып тұр. Бұл сол кездегі гримнің әлсіздігінен бе?»- деп сұрағанымда, режиссер: «Ол гримнің әлсіздігінен емес. Біз актерға қанша жерден әжім салсақ та, Әнуардың көз жанары сатып кетер еді бәрібір. Өйткені актердың көзі ойнап тұр. Сондықтан, біз оған қатпар-қатпар әжім салып, жасандылыққа ұрынғымыз келмеді»- деді. Көз жанары демекші, фильмде басы артық сөз кездеспейді. Молдабеков Қожабек қарияның көңіл күйін, оның ішіндегі алай-дүлейді  қимыл -қозғалыс, жүріс- тұрыс, көз жанары арқылы  жеткізеді. Мәселен, қарияның балконда қамығып отырғанда, іштен баласының даусын еститін сәтіндегі әрекетін алайықшы. Оның көз жанарындағы жарқ еткен ұшқынды оператор қалай шебер қағып түскен?! Оның орнынан ұшып тұрып, емпеңдей ішке енетіні, елегізе жан жағына қарап, әуен шығып жатқан күйтабаққа, содан соң айналаға мағынасыз, бірақ біртүрлі мейірлене көз тастайтыны шарасыз қарттың хәлін қалай айна қатесіз жеткізіп тұр дейсіз?! Бұл көңіл күйді қалбаңдаған қарияның қимыл қозғалысымен ғана   дәл бере салу таланттардың шеберлігіне тағы бір мәрте тәнті етеді.
  • Режиссердың айтуынша, фильмнің музыкасы да кезінде кеңестік сарапшылардың жоғары бағасын алыпты. Фильмге мазмұндық, мағыналық үстеме қосып тұрған әуен шындығында бірден көрерменнің құлағына жылы тиеді. Белгілі композитор Базарбай Жұманиязовты да С.Жармұхамедов ерекше құрметпен еске алып: «Базарбай біздің құрдасымыз, қатарлас замандасымыз еді. Ол кезде музыка жазуды жаңа бастап жүрген. Алайда, оның әр жазғаны сол кезде-ақ ауызға ілінетін, қазір енді аңызға айналды» -дейді.
  • Өтелмеген парыз фильмінен скрин Өтелмеген парыз фильмінен скрин

  • Әнуар Молдабеков қазақ киносының қайталанбас жарық жұлдызы еді. Бұл оның қайталанбас образдарының біреуі ғана. «Әнуар рөлге дайындалғанда өз әкесінің қылықтарын еске алатын, соларды қайталап жүретін. Фильмге кастинг барысында комиссияның таңдауы Н.Жантөринге түсті. Жантөрин ол кезде жасты да, кәріні де, патшаны да, ханды ойнап жүрген еді, өте мықты актер болатын. Бірақ, маған ауылдың қарапайым ақсақалының рөлін осы Әнуар Молдабеков жақсы алып шығатын сияқты көрініп тұрды. Жантөриннің фактурасы кішкене қаталдау, суықтау, өктемдеу көрінді. Соңғы сөзді айтар кезде бәрі менің таңдауыма тоқтап бұл рөлге Әнуар Молдабековті бекітті. Фильмде Досхан Жолжақсынов, Гүлнара Досматова, Нағима Есқалиева, Күлай Мұратәлиева секілді жаңадан бастап жүрген жас- кәрісі аралас мықты актерлар құрамы ойнады»-деп еске алады режиссер.
  • Өтелмеген парыз фильмінен скрин Өтелмеген парыз фильмінен скрин

  • «Кімге беремін бұл асықты? Өз жаныңда жатсын. Жарық дүниеге келгенде көрген жалғызым-ау…
    Бұл не қылғаның?.. Бәрі қолынан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау?!. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің? Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін…
    Бұл дүниеде ешкім ештеңені өзімен бірге алып кетпейді. Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең де — бәрі осы дүниеде қалады.
    Қызығыңды көреміз бе дегенде істеген зәбір-қиянатыңды маған арқалатып кеттің бе?! Мен бұдан қалай құтыламын… Фильм Қожабек ақсақалдың осындай монологымен аяқталады.
  • Адами құндылықтар ортақ болса да бүгінгі өлшем киноны мұндай моральдан алыстатты. Расымен де, бүгінгі кино құмсағат секілді. Көрерменіне ойлануға, әр кадрдың салмағын екшеуге уақыт қалдырмастан зуылдай жөңкіліп барады. Мәні де, мазмұны да өзінің осы сипатына лайық, «мәңгі өлмеске» емес, «бүгін ғана бар болуға» қызмет етіп жатыр.  Ал, ойлы көрермен  алғашқы қазақ киноларымен бірге «өтелмеген парызын» арқалап алтын қорға аяңдап бара жатқандай. Ең қорқыныштысы осы шығар...

 Автор: Шолпан Рақымқызы

MalimCinema айдарының авторы Шолпан Рақымқызының басқа да шолуларын оқи отырыңыз: 

1) Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)    

2) «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

3) Жақсы адам жайлы соната. «Жизнь других» фильмі жайында

 

Байланысты жаналықтар

Әйгілі актер Әнуар Молдабеков

21.10.2024

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

18.04.2021

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

26.03.2021

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

09.03.2021

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната

19.02.2021
MalimBlocks
Әйгілі актер Әнуар Молдабеков

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында 1938 жылы туған. Әке-шешесі Андрей деп ат қойған. Бірақ кейіннен жұрт Әнуарбек, одан кейін Әнуар деп атап кетті. Жастайынан өнерге бейім болған ол әнші болуды армандады. Дегенмен кейіннен өмір ағысы оны актерлікке алып келді.

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін қанішерге айналдық».

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната