«Әкем есікті жауып кетіп қалды». Нағима Есқалиеваның баласы ата-анасының ажырасуы туралы айтты
Ол бұл туралы айту әлі де қиын екенін алға тартты

Нағима Есқалиеваның баласы, әнші, блогер Диас Аблаев Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ата-анасының қалай ажырасқаны туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, жаңа пәтерге көшкенде әкесі есіктен де аттамай кетіп қалған.
Бір сәт қана есімде қалды. Жаңа пәтерге көшіп келіп жатқанда, әкем үйге кірген жоқ. Анам маған қарап тұрды да: «Балам, бәрі бітті» деді. Әкем есікті жауып кетіп қалды. Мен ешқашан екеуінің ұрысқанын көрмеппін. Енді үшеуміз бірге тұрмаймыз деген ой болған жоқ. Әлі бала болған соң әкем келгенде бірге ойнаймыз деп ойладым. Бірақ әкем сол кеткеннен анама қайтып келмеді. Сол кезде-ақ түсіндім. Әкемді ешқашан жамандаған емеспін. Ол қарым-қатынас құруға, адаммен тез тіл табысуға өте бейім. Ата-анамның ажырасуын айту әлі күнге дейін қиындау тиеді. Бірақ өмір болған соң, ондай дүниелердің болуы – заңдылық. Ең қызығы, әкеммен араласып тұрғаныммен, тереңге бойлап, сырласып көрмеппін, – дейді Диас.
Ол анасы екінші рет тұрмысқа шыққанын, некесі сәтсіз болғанын айтты.
Әкем кеткеннен дейін анам екінші рет тұрмыс құруға шешім қабылдады. Ол сәттерді еске түсіру өте ауыр. Көп жерде айтқым келмейді. Одан кейін ол кісі қайтыс болып кетті. Тіпті мені «әке» деп айтуға мәжбүрледі. Анама бұл кісімен қалса, өте қауіпті әрі қиын екенін ескерттім, – дейді ол.
Фото: instagram.com/dias_ablayev