Қазақтар карантин кезінде 5 мың доллар алса, қайтер еді...

Алмас НҮСІП

  • 13.05.2020

Пандемия басталғалы «үйден шықпа» дегенге үйреніп қалған Қазақстан қоғамына «карантинге қатысты наразылық шерулері өтті» деген сөз ақылға сыйымсыз көрінуі мүмкін. Расында, қалаға кіре алмай, жұмыссыз қалса да, 42 500 теңгесін берсе берер, бермесе, ел іші, өле қоймаспыз деп бейқам отырған жұрттың Америкада көтеріліс болып жатыр дегендегі алғашқы сұрағы «соларға не жетпейді екен?!» болды. Шынында, америкалықтарға не жетпейді осы?

Әлдебір журналист АҚШ-та бір даяшыдан сұрап жатыр.

- Қазір мемлекет қанша береді?

- Аптасына 1100 доллар.

- Жұмыс істеп жүргенде қанша табушы едің?

- 700-950 доллар аралығында.

Айына 4400 АҚШ доллары + 1200 доллар бір реттік төлем. 5600 доллар (2 353 400 теңге). Америкадағы жұмыссыз қалғандардың көпшілігінің жағдайы осыған ұқсас деген сөз. Бір ай емес, екі ай емес, тамызға дейін алты ай бойы төленіп отыратын мұндай ірі көлемдегі әлеуметтік көмекті (бұдан да басқа штаттар бойынша, әлеуметтік деңгей бойынша әр түрлі төленетінін айта кету керек) ала тұрып, АҚШ-тықтарды не түлен түртіп жүр деп ойлауға болады. Сәуірдің басынан-ақ басталып кеткен наразылықтардың негізгі талаптары – азаматтық еркіндігіміз шектеліп қалды, жоспарларымыз іске аспай қалды, т.б. «романтикалық» мәселелер тұрғысында.

Ара қашықтықты (1,5 м.) сақтаңыз, маска тағыңыз деген ескертпенің бәрін ысырып тастап, басын қатерге тігіп, көшеге мыңдап жиналған жұрттың біразы коронавирустың соншалық қауіпті екеніне сенбейді. Олар бұл азаматтық еркіндікті шектеу үшін жасалып жатыр, одан басқа да астыртын себептері бар деп есептейтіндіктен көшеге шыққан. Ал, енді бір тобы COVID-19-дың өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін біледі. Бірақ, вирустан гөрі экономиканың тұралап қалуын көбірек уайымдайды. «Экономиканың тұралауы – өлім жазасына кесілгенмен бірдей».

Жұрт көшеге шығып еді, Трамптың өзі «олар рас айтады, мүмкін карантиндік шектеулерді азайту керек шығар?» деп шықты. Мемлекеттің осынша көмегін көріп отырып, президенттерін бұрышқа тыққан бұл америкалықтарды түсіну қиын.

Бұдан кейінгі, төрт күн бұрын ғана көшеге 10 мыңдап жиналып, «маскаларыңды шешіңдер!» деп ұрандаған Германия азаматтарының наразылығы да біз үшін түсініксіз болып қалды. «Үйде жата беріп іштері пысқан соң, солай істеп жатыр» дедік те қойдық. «Іш пысу» версиясы бір қарағанда жөнге келетін де сияқты. Өйткені, о бастан-ақ карантин, төтенше жағдай деген керек емес деп, канцлерінен бастап, тырысып көрген, ақыры ауру көбейіп кеткен соң, амалсыз, етек-жеңін қымтай бастаған Германия да азаматтарына аз жақсылық жасаған жоқ.

Германия үкіметі жұмыссыз қалғандарға ақы төлеудің ең бір ұтымды жолын тапты. Айлық жалақысының 60 пайызын төлеп бермек. Ал, балаларының балабақшаға, мектепке бара алмайтындығына байланысты үйде отыруға мәжбүр болған ата-аналарға жалақысының 67 пайызы төленеді. Одан бөлек, 1 млн 100 мың өзін өзі жұмыспен қамтыған немесе кішігірім компаниясы бар адамдарға арнайы көмек берді. 5 адамды жұмыспен қамтып отырған компаниясы бар адамдарға 9 мың евро (4 105 800 теңге), 10 адамға дейін жұмыспен қамтып келгендерге 15 мың евро (6 843 000 теңге) көлемінде грант төленіпті. Бұдан бөлек, жалақсының азайып қалғанына байланысты, жалға алған пәтерін, несиесін, т.б. төлеуді кейінге қалдырғанын айтып жатпай-ақ қояйық (бұл АҚШ-қа да қатысты).

Өзге елдердегі наразылық шерулерін айтып жатпайық, осы екі елмен тоқтайық. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) бойынша біреуі бірінші, екіншісі үшінші орында тұрған бұл ел азаматтарына қандай жақсылық жасаймын десе де қолынан келеді. Бірақ, соған қарамастан азаматтарының карантинге қарсы карантин тәртібін бұзып тұрып, мың-мыңдап көшеге шығатыны қызық. «Сананы тұрмыс билейді» деп білетін қазақстандықтар қалай дегенде де тәубешіл екен. Және үкіметін жамандай беретіні болмаса, кезі келіп қалғанда қолдайды екен.

Әйтпесе, осыған дейін қанша ақша тауып жүргеніне қарамастан, ең төменгі жалақы мөлшерінде біркелкі ақша төлейтін, азаматтарын «алаламайтын» Қазақстан үкіметі елдің жүйкесіне тиюдей-ақ тиді.

Азық-түлік қымбаттамайды деді – қымбаттады, 42 500 екі рет беріледі деді – берілмеді, масканың өзі бизнес көзіне айналып кетті, дәрігерлердің өзі жаппай ауырды, оларға маска мен қорғаныш костюмдері жетпей жатты, блок-бекеттердегі полициясы пара алумен айналысты, т.б. тізе берсе аз емес. Былай қарағанда, наразы болу керек болса, қазақстандықтарға сылтау жеткілікті сияқты. Бірақ, шып-шырғасы шықпай, төтенше жағдайды аяқтады.

Айтпақшы, төтенше жағдай аяқталар қарсаңда мемлекет тарапынан түсіндіру жұмыстарының жеткілікті жүргізілмегенінің салдарынан «бостандыққа шықтық» деп ойлап қалған біраз жұрт үлкен қалалардағы кіре берістерде бірнеше шақырымдық көлік кептелісіне тап болды. Дәл осындай улыған-шулыған болып жатқанда, президент Тоқаев жұртқа жасаған жақсылықтарын (!) тағы бір тізіп шығып, мәлімдеме жасаған болды. «Қиындықтан шыңдалып шығады» деп, баланы басынан сипағандай қылып айта салған президент осыншама сабырлылық танытқан халқына тым құрыса рахмет те айтқан жоқ, керісінше, «әлі де үйде отыра тұрғандарың дұрыс» деген талап қойды...

Осы кезде ғана блок-бекеттерде тұрып қалған жұрттың шуы болмаса немесе «енді ашпаса блок-бекетті бұзамыз» деп, білек сыбанған Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының 20 шақты тұрғынан айтпасақ, «біз біргеміз, біз үйдеміз» деп ұрандап алып, жауапкершіліктен қаша беретін, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтін, ұлттық қордан алынған ақшаның қалай жұмсалғанын ашып айтпайтын мемлекетіне «осының дұрыс болмады!» деп, дауыс көтерген елді көрмедік.

Өзімізді «шіркін-ай, біз де сондай болсақшы» деп, америкалықтар мен еуропалықтардың орнына қойып көріп,өз қиялымыздан өзіміз шошып кететініміз бар ғой. Ал, америкалықтар мен немістер өздерін қазақтың орнына қойып көрсе не ойлар екен...

Байланысты жаналықтар

Ресей сенаторы: «АҚШ Ресейден Қазақстанды тартып алмақ»

01.02.2021

Темекі коронавирустан қорғай ма, асқындыра ма?

12.05.2020

Пандемия әлі 7 жылға созылуы мүмкін

06.02.2021

Коронавирус бардың малын шашады, жоқтың артын ашады - 1

31.03.2020

Кәсіпкерлер Тоқаевқа дағдарыстан шығар жолды көрсетті

28.03.2020

Коронавирус Қытай мен АҚШ бәсекесінен пайда болған

16.04.2020
MalimBlocks
Ресей сенаторы: «АҚШ Ресейден Қазақстанды тартып алмақ»

Темекі коронавирустан қорғай ма, асқындыра ма?

Пандемия әлі 7 жылға созылуы мүмкін

Коронавирус бардың малын шашады, жоқтың артын ашады - 1

Кәсіпкерлер Тоқаевқа дағдарыстан шығар жолды көрсетті

Коронавирус Қытай мен АҚШ бәсекесінен пайда болған