freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

19 жасында майданға аттанған қазақ әншісі: Роза Бағлановаға қатысты ел естімеген шындық айтылды

Қоғам
19 жасында майданға аттанған қазақ әншісі: Роза Бағлановаға қатысты ел естімеген шындық айтылды
Роза Бағланова. Фото: Malim.kz / ЖИ

Қазақтың әйгілі әншісі Роза Бағланованы көпшілік "Ах, Самара-городок", "Ақмаңдайлым", "Ақ көгершін" әндері арқылы таниды. Алайда оның өміріндегі ең ауыр әрі таңғаларлық кезеңдердің бірі Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты. 19 жасында үлкен сахна мен Мәскеу консерваториясында білім алуды армандаған жас әнші күтпеген жерден майдан жолына түсті. Ол төрт жыл бойы алдыңғы шептерде ән айтып, жараланған жауынгерлерге көмектесті. Тіпті Берлинге небәрі 70 шақырым қалғанда оның майдандағы сапары аяқталған, деп хабарлайды Malim.kz.

Роза Бағланова 19 жасында майданға қалай аттанды?

Роза Бағланова 1922 жылғы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы өңірінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Үрбибі. Кейін ол бүкіл елге Роза есімімен танылды.

Болашақ әншінің кәсіби өнер жолы Ташкентте басталды. Ол Өзбек КСР Мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінің солисі болды. Дауысы көпшілікке ұнаған жас әншіге Мәскеу консерваториясына баруға жолдама да беріледі.

Бірақ 1941 жылы соғыс басталып, оның жоспары күрт өзгереді. "Қазақконцерттің" Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған арнайы дерегінде сол кезде 19 жаста болған әншінің ансамбль құрамымен майданға аттанғаны көрсетілген.

Қазақстандық "Казахстанская правда" басылымы жариялаған естеліктерде Роза Бағланованың алғашқы майдан концерті Мәскеу түбіндегі генерал Иван Панфилов дивизиясында өткені жазылады. Оған дейін өнерпаздар Мәскеуден соғысқа аттанып жатқан жауынгерлерге концерт қойған.

Осылайша Мәскеуге оқуға баруы тиіс 19 жастағы қыздың өмірі бірнеше жылдың ішінде окоптармен, әскери бөлімдермен және майдан жолдарымен байланысып кетті.

Окопта да, танк үстінде де ән айтқан

Роза Бағланова соғыс кезінде кәдімгі концерт залдарында ғана өнер көрсеткен жоқ.

Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әнші 1941 жылдан 1945 жылға дейін майдан шептерінде концерт берген. Ол землянкада, вокзалда, танктің үстінде, тіпті ұшақ қанатында тұрып ән айтқан.

"Қазақконцерт" мәліметінде оның Панфилов дивизиясының сарбаздарына, Солтүстік және Батыс майдандарда, сондай-ақ Варшава маңындағы әскери бөлімдерде өнер көрсеткені айтылады.

Майдандағы жағдай концертке арналған арнайы сахнаны күтпейтін. Кейде өнерпаздар жолда көлік жүрмей қалғанда концерттік киімдерін арқалап, майдан жолдарымен жаяу жүруге мәжбүр болған. Электр жарығы жоқ казармаларда да ән шырқаған.

Роза Бағланова кейін өзінің соғыс жылдарындағы естеліктерінде бір кештің өзінде 18-20 ән айтуға тура келген кезеңдер болғанын еске алған.

20 тілде 500-ге жуық ән орындаған

Роза Бағланованың майдандағы репертуары да таңғалдырады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, соғыс кезінде әншінің репертуарында 20 тілдегі 500-ге жуық ән болған. Ол жалпы мыңнан астам әскери концертке қатысқан.

Сол кезеңде Роза Бағланова кейін өзінің визит карточкасына айналған "Ах, Самара-городок" әнін де орындай бастайды. "Казахстанская правда" дерегінде әншінің бұл әнді соғыс жылдары Лидия Русланованың репертуарынан үйренгені жазылған. Ал Русланованың өзімен Роза Бағланова соғыстан кейін Мәскеуде кездескен. Кейін "Ах, Самара-городок" Роза Бағланованың есімімен қатар аталатын ең танымал шығармалардың біріне айналды.

Ән айтып қана қоймай, жаралыларға көмектескен

Майдандағы Роза Бағланованың міндеті тек сарбаздардың алдында ән айтумен шектелмеген.

"Қазақконцерт" пен мемлекеттік деректерде оның медицина қызметкерлеріне көмектесіп, жаралы жауынгерлерді құтқаруға және оларға көмек көрсетуге қатысқаны жазылған.

Әншінің өзі де майданда жараланған.

"Қазақконцерт" мәліметінше, алдыңғы шепте өнер көрсетіп жүрген кезде снаряд жарықшағы оның көзіне тиген. Соған қарамастан, Роза Бағланова майдандағы жұмысын жалғастырған. Оның соғыс кезіндегі ерлігі жоғары бағаланды. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі Роза Бағланованың екі мәрте "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталғанын жазады. Мемлекеттік деректе әншіге марапаттардың бірін маршал Константин Рокоссовский табыстағаны да көрсетілген.

Жеңіс күні 15 сағатқа дейін ән айтқан

Роза Бағланованың естелігіндегі тағы бір әсерлі дерек – 1945 жылғы мамыр күндері.

Әншінің айтуынша, Жеңіс күндері Мәскеуде халықтың қуанышы ерекше болған. Сол кезде ол күніне бірнеше сағат емес, кей жағдайда 15 сағатқа дейін ән айтқанын еске алған. Өйткені Роза ансамбльдің негізгі солистерінің бірі еді.

Соғыс аяқталған кезде ол небәрі 23 жаста болатын. Алайда осы төрт жылдың ішінде Роза Бағланова бірнеше майдан шебін аралап, мыңнан астам әскери концертке қатысып үлгерді. Ән салумен қатар жаралы сарбаздарға көмектесті, өзі де жараланды. Осының бәрі оның үлкен сахнадағы мансабы басталмай тұрған кезде болған еді.

Майданнан қазақ сахнасының аңызына дейін

Соғыстан кейін Роза Бағланова үлкен сахнаға оралды.

1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, кейін Жамбыл атындағы филармонияда қызмет етті. 1960 жылдан бастап оның шығармашылық жолы "Қазақконцертпен" тығыз байланыста болды.

Кейін Роза Бағланова Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі атанып, тәуелсіз Қазақстанда "Халық қаһарманы" атағына ие болды. Бүгінде елдің басты концерттік ұйымдарының бірі – "Қазақконцерт" оның есімімен аталады.

Әнші Роза Бағланова қандай темір тұлпарды тізгіндеген?

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу