«Қазгидромет» РМК 30 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар облыста жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында нөсер жаңбыр мен найзағай болжанады. Кей жерлерде бұршақ жауып, желдің екпіні секундына 20-25 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында да ауа райы құбылмалы болады. Найзағайлы жаңбырмен қатар, Қызылорда облысының кей аумақтарында шаңды дауыл күтіледі.
Абай облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады. Өңірдің оңтүстік бөлігінде шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Алматы, Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында жел күшейеді. Таулы аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болуы ықтимал.
Сондай-ақ синоптиктер бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Осыған байланысты тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтап, ауа райы болжамын назарда ұстау ұсынылады.