freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"40 оқушы үйінді астында қалып, қаза тапты": Ирандағы жарылыстан кейін мектеп түгелдей қирап қалды (ВИДЕО)

Әлем
"40 оқушы үйінді астында қалып, қаза тапты": Ирандағы жарылыстан кейін мектеп түгелдей қирап қалды (ВИДЕО)
видеодан скриншот

28 ақпан күні Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісті. Израиль Иран аумағына соққы жасағанын ресми түрде мәлімдеді. Осыдан кейін Иран астанасы Тегеранда жарылыстар естіліп, қала тұрғындары арасында дүрбелең басталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Иранның ISNA агенттігінің мәліметінше, Израиль Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласындағы қыздарға арналған бастауыш мектепке зымыран соққысын жасаған. Салдарынан 36 оқушы қаза тапқаны хабарланды. Мектеп ғимараты толық қираған, үйінді астында ондаған оқушы қалуы мүмкін екені айтылды. Сол маңда орналасқан аурухана да ішінара зақымданған.

Сонымен қатар АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаны жөнінде ақпарат тарады. Соққылар Иранның ірі қалаларына, оның ішінде Тегеранға бағытталған.

Хаменеи қауіпсіз жерге көшірілді

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қазіргі уақытта Тегеранда емес. Ол қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл ақпаратты агенттікке ресми өкіл растағанымен, оның нақты қайда екені жария етілмеді.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац ел әскері Иранға "алдын ала соққы" жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл әрекет Израильге төнуі мүмкін қауіптердің алдын алу мақсатында жүзеге асырылған.

Израиль армиясы (ЦАХАЛ) бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Тұрғындарға бомба паналарына жақын болу ескертілді. Сонымен қатар:

  • білім беру мекемелерінің жұмысы тоқтатылды;
  • жиналыстар мен кеңсе жұмысына шектеу қойылды;
  • азаматтарға қажетсіз сапарлардан бас тарту ұсынылды.

Әскерилер дабылдың негізгі мақсаты – халықты ықтимал зымыран шабуылына дайын ету екенін атап өтті.

Тегеранда жарылыстар

Ирандық БАҚ мәліметінше, Израиль зымырандары Тегерандағы Данешгах даңғылы мен Джомхури ауданында жарылған. Пастур ауданында қою түтін көтерілгені хабарланды. Қала орталығында бірнеше жарылыс дауысы естіліп, тұрғындар қауіпсіз орындарға қарай жаппай қозғалған.

Қазіргі уақытта Иран билігі толыққанды ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Зардап шеккендер туралы нақты деректер де нақтыланып жатыр.

Бұл оқиға Израиль мен Иран арасындағы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан шиеленісті жаңа деңгейге шығаруы мүмкін. Сарапшылар тараптардың әскери қақтығысы кең ауқымды аймақтық жанжалға ұласу қаупін күшейтіп отырғанын айтады.

Халықаралық қауымдастық жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Ал Таяу Шығыстағы ахуалдың қалай өрбитіні алдағы күндері белгілі болуы ықтимал.

Қазақстанда жедел шаралар қабылданды

Осы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке Ирандағы жағдайдың күрделенуіне және оның еліміздегі тұрақтылыққа ықтимал әсеріне байланысты жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Бұл жұмысқа күштік құрылымдар мен тиісті министрліктердің басшылары тартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

  • барлық күштік органдар күшейтілген, тәулік бойғы жұмыс режиміне көшірілді;
  • Үкіметте Сыртқы істер министрлігі үйлестіретін арнайы мониторинг тобы құрылып, іске кірісті;
  • өңір әкімдеріне Таяу Шығыстағы ахуалды ескере отырып, жағдайды бақылауда ұстау және тиісті шешімдер қабылдау тапсырылды.

Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Алайда аймақтағы геосаяси шиеленіс әлемдік қауіпсіздік жүйесіне елеулі әсер етуі мүмкін екені айтылуда.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу