«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жүйедегі ақылға қонымсыз әрекеттерді жасанды интеллект арқылы анықтап жатыр, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеп.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, МӘМС жүйесін тексерген ауқымды аудит ойға қонымсыз қызмет түрлерін анықтаған еді: мәселен, Қордағы 1,8 млрд теңге науқастардың жынысына сай емес тексерулер үшін алынған. Яғни, Қазақстанда 768 827 ер адам жатыр мойнының обырын тексертсе, 619 ер адам маммограммадан өткен. Тек бір аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталған көрінеді (Алматы облысы).
Енді бұндай «аномалияларды» жасанды интеллект тексеріп, қордың ақшасын үнемдеп береді. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен кеңесте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек мәлім еткен. Оның айтуынша, МӘМС жүйесіндегі біртұтас басқару үдерісінің жоқтығы және жұмыстардың науқас пен жалпы денсаулық сақтау жүйесінің түпкілікті нәтижелеріне емес, ең алдымен көрсетілген қызметтер көлеміне бағдарлануы басты мәселе болып отыр. Аталған мәселелерді шешу үшін Қор тарапынан соңғы 1,5 ай ішінде кешенді шаралар қабылданған көрінеді. Атап айтқанда:
жүйенің шығыстары мен қаржылық міндеттемелері құрылымын талдау негізінде қаржы ағындарын бақылау күшейтілді;
медициналық көмек көлемін лимиттеу, медициналық қызметтерді төлеу және аванстау тәсілдері қайта қаралды;
жоспарлау, мониторинг және сатып алуды қоса алғанда, негізгі қаржылық өкілеттіктерді орталықтандыру басталды;
Қордың ұйымдық құрылымы оңтайландырылды және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға арналған бақылау контуры құрылды;
аномалиялар мен ауытқуларды анықтау мақсатында аналитикалық мониторинг жүйесіне ЖИ енгізу басталды;
Бұған дейін Ақтөбеде жалған медициналық анықтама сатқан медбике ұсталғанын жаздық.