8 наурыз мерекесі қарсаңында Абай облысының Полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтардың белсенділігі артқаны жөнінде ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Полиция мәліметінше, алаяқтар мерекелік қарбаласты пайдаланып, «гүл жеткізу», «сыйлық ұтып алдыңыз» деген сылтаумен хабарласады немесе курьерге қажет деген желеумен SMS-кодты айтуды сұрайды. Құқық қорғау органдары мұндай кодты үшінші тұлғаларға беру банк шоттарына қолжетімділік ашатынын атап өтті.
Ведомство өкілдері банк қызметкерлері мен жеткізу қызметтері телефон арқылы растау кодтарын сұрамайтынын еске салды. Кодты бөгде адамға беру қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар полиция онлайн-сатып алулар кезінде сақ болуға шақырды. Мереке кезінде алаяқтар жалған парақшалар ашып, «жеңілдіктер» жариялап, алдын ала төлем талап етеді де, кейін байланысқа шықпай қалады.
Тұрғындарға тек тексерілген интернет-дүкендерді таңдау, тапсырыс үшін толық алдын ала төлем жасауда абай болу және банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу ұсынылады. Күдікті сілтемелер, жеке мәліметтерді жинау әрекеттері, «тегін сыйлықтар» туралы ұсыныстар немесе бейтаныс шоттарға ақша аудару талаптары бірден күмән тудыруы тиіс.
Осындай жағдайларда азаматтарға 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.