Красноярск қаласындағы №153 мектепте 8-сыныпта оқитын оқушы сыныптастарына шабуыл жасап, оларды өртемек болған. Оқиға салдарынан бір баланың денесінің шамамен 40 пайызы, тағы екі оқушының 15-20 пайызы күйік шалған, деп хабарлайды Malim.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқушы алдымен мектептің әжетханасында унитаз қақпағын өртеп, артынша сыныпқа кіріп, сыныптастарының үстіне бензин құйған. Сонымен қатар бірнеше балаға балғамен соққы жасаған.
Анықталғандай, ол бұл әрекетін мектептің ортақ чатында алдын ала хабарлаған. Тіпті кімге шабуыл жасайтынын анықтау үшін сауалнама да жүргізген. Алайда сыныптастары бұл ескертулерге мән бермеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылға себеп – қатарластарының елемеуі мен мазағы. Қыз баланы сыныптастары тұйық мінезі үшін «хикки» деп атап, келемеждеген.
Оқиға нәтижесінде бес оқушы зардап шеккен. Үш бала күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілсе, тағы екі оқушы балғамен соққы алғаннан кейін бас-ми жарақатымен ем қабылдауда.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.