Абай облысында жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты. Толығырақ аймақ әкімі Берік Уәли айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бизнесті қолдау және инвестиция тарту шаралары жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты, ал тартылатын инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өсті. Оның ішінде, 50 жоба ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Ірі инвестициялық жобалардың бірі көлемі 577,5 млрд теңге болатын жалпы ұзындығы 297,5 шақырым «Аягөз — Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Бұл өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған үлкен жоба. Бұл жоба үшін 10,5 мың гектар жер учаскесі резервке қойылған, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді, 2023 жылы іске асыру басталды. Қазір жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды, — деді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Оның айтуынша, нысанды 2027 жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
— Бұдан басқа, өнеркәсіп саласында Түркияның Мирилдыз КейЗэт ЛТД («Miryildiz Kz Ltd.») компаниясы жалпы құны 480 млн АҚШ доллар болатын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыруды бастады. Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 453 жұмыс орнын құрумен 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 13,3 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды, 124 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд теңгені құрайтын 255 жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 7 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Айта кетейік, биыл Абай облысында инвестиция тарту 103,1 пайызға өскен.