Ақын Әлия Дәулетбаева өлеңдері

Ақын, журналист Әлия Дәулетбаева – 1977 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы АМУ филология факультетін бітірген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағы Атырау бөлімінің басшысы. «Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы.

Аялдар Күнтуған

  • 19.11.2024

* * *
Ақиқат­тың шыққан төрі – абақты!..
Тіпті менің өзімнің шындығым да,
Сыртқа бермес сұрапыл сұмдығым да,
Ешкім куә болмаған ұрлығым да
Жан баласы есігін аша алмайтын
жекеменшік түрмемде булығуда.
Жекеменшік түрмем бар, шыным, күнім,
Көлгірсуден жан салмас жырындымын.
Ұран салып қайтемін ондайлардың,
Ұра –жарға талайы ұрынды мың.
Құлағанда қапыда құлын-жырым,
Қарға ғұрлы болмаған құным бүгін.
Сосын…сосын миықтан бір жымиып,
керіп қойдым мен де бір шымылдықты,
Жезөкшенің арындай жұлым-жұлым…
Отансызды тербеткен Отанды ойлап,
Азап шеккен ана жыл атамды ойлап,
Болашағы белгісіз ботамды ойлап
Бәрі бітіп содан соң жаһанды ойлап
жүргенімде желге айтып арманымды
Халқым өзі шырмады кермесіне,
Жүйрігі мен жабысын қатар байлап.

 

* * *
Мен бүгін алаңда
Жанарым боталап,
Өзім де сезбеген бір сырға қаталап.
Жүрегім дірдектеп дүбірден,
жалғанның жүзіне үңілгем.
Мың ғасыр көшкендей
көзімнің алдынан,
Мыңдаған періште ұрғандай шапалақ.
Мен бүгін алаңда
Елеусіз һәм ессіз пішінде,
Көз салғам анау тас мүсінге.
қоғамның өзгерсін шапаны,
адамның өзгерсін зат, ары,
Бәрібір ұлт үшін майданның,
Ешқашан бітпесін түсінгем.
Мен бүгін алаңда
Көсемсіп шешетін керемет дауыңды,
Көзіммен іздегем «зиялы» қауымды.
Ұл көрдім тотыққан желменен,
Қыз көрдім шындыққа шөлдеген,
Тіпті бір кейуана шер төкті тілінен,
Ал менің жүрегім ғаламаааат ауырды.
Мен бүгін алаңда,
Үмітсіз үрейге жұтылдым.
Өзімнен жеңілдім, ұтылдым.
Жып-жылы үйінде отырып,
Сұлу сөз жазғаны өтірік,
Талайдың пердесін сыпырдым.
Мен бүгін алаңда,
Жек көрдім өзімді, өлеңді,
Күнәсіз шап-шағын әлемі,
сөйлей де алмайтын әдемі
біз сезген биіктен даралау,
жандарға кезіктім жаны алау.
Жолында садаға кетейін,
Тобырға теңеп көр сен енді.
Тобырға теңеп көр сен енді!…

Жайық өлсе…

Жайық өлсе не істеймін?..
Айта көр ме!
Не деп басу айтамын байтақ елге?..
Мұны қалай сыйдырам түйсігіме,
сабырсыздау санама сайтаны өрген…
Жайық өлсе не істеймін?..
Жарқыным-ай…
Төмендер ме тірліктің нарқы бұлай?..
Алай-дүлей азалы үн келеді,
Алты қаздың ілесіп қаңқылына…
Мұны қалай естіртем Нарыныма,
Нарынымның нар шөккен шағылына.
Жылайды ғой, сұрайды халін оның
Қария құм сүйеніп сабырына.
Қарабет болған бар ма мына менше?..
Сауғаңды арман бар ма сұрап өлсем.
Ер Махама, уа, қалай, ақталамын,
Алдымнан аруақтанып шыға келсе.
Ей, опасыз дүние, нәті жалған,
Жалғыз мен бе үрейден ақылы ауған?..
Көк теңізге не айтамын көктем сайын
Күтетұғын ардағын атыраудан.
Қай бетімді айтамын ертеңіме,
Олар мендей сенбейді ертегіге.
Қайырласа қайтемін қайран кемем,
Қазанама жазылып желкеніне.
Жайығым-ай, мейірлі, момын анам,
Кездер қайда арнаңа толып ағар?..
Кешірімшіл едің ғой, кешір енді
Жаның аман қалса екен, жаның аман!

Шоғының оты

Мен кешегі жүрек жұтқан Шоғының
Жанарынан шашыраған шоқпын-ау…

                                                          Автор

Ақ шағылдан азынай көшкен қара нар
Боз шағылдан боздай көшкен қара нар
Қара көзден қанды жасын ағызып,
Қасіретімді қозғай көшкен қара нар,
Бұйдасынан жел сүйреген күн болған,
Жел емес-ау шер сүйреген күн болған…

Сауырында киік өрген қырлардың,
Баялышы биік өнген құмдардың
баянсыз күн салып кеткен белгісі
Көп моласы жатыр әне көлденең
Туған жерін сүйіп өлген ұлдардың.

Жүз емес-ау, менің қайғым мың жылдық
Көз алдымнан көшіп жатыр ырғын жұрт.
Көшіп жатыр күн түбіне найқалып,
Енді артына бұрылмасы байқалып.
Кейінгіні көп сынаққа құмбыл ғып
Үстімізден үстірт асып сырғыр бұлт.

Ей, туған жер, қасіретім, қуатым,
Сен кешпеген сұмдық бар ма сұрапыл?..
Қан мен терден, ар мен шерден тұратын
шежіреңді жырламаған тұл – ақын.
Маңдайыңа біткен жалғыз бағың сол-
Біздің елдің бір қатыны ұл тапса,
Намысына қосып бірге туатын.

Қайғылы боп бітсе-дағы сапары,
Кілең шейіт ұлдарының атағы.
Бір-біріне от­ты шарды табыстар
Бір-бірімен қиямет­те табысқан.
Қосайы бар, Қармыс,
Шабай, Шотаны
Шоғысы бар – жолбарысы жоталы
Маған ылғи бұл Маңғыстау көрінер-
Жалын атқан найзағайдың Отаны.

Жалғыз бағы – жалаң қылыш намысы,
От­тан көйлек киіп туған Шоғысы.
Алауына алау қосып лаулатқан,
Сол жылуы жеткен бүкіл зәузатқа.
Шерқаланың шерілері оянса,
Мың шибөрі бүрісетін аулақта.

Арпалыс шақ өт­ті бастан ауыр сан
Ел қолқасын бітегенде дауыл, шаң.
Ар-дулыға, намыс сауыт киініп,
Адырнасы ыза-кектен иіліп,

Жай тасындай көктен түскен түйіліп
Желге ойнатып ақ найзаның шашағын
Бастап шыққан баһадүрлер жасағын,
Сол ерлердің даңқы ерені Дәуімшар.
Шоғы ұшқынын үрлеп алау от қылып,
Олар жауға ат­танатын аптығып.
Тұяқтары тиген жерге қақ тұрып,
Тұлпар біткен тұтасатын сап құрып.
Аждаһаның тірі түскен аузына
Азат­тық деп аталатын тәт­ті үміт.

От құшақтап, өліп кет­ті шейіт­тер,
Бүгінде олар дастандарға кейіпкер.
Ал біз, біз ше? Жалынбыз ба, шоқпыз ба?..
Зәузат үшін бармыз ба, әлде жоқпыз ба?..
Келісімге оңай келіп дәуірмен
Қойындасып шүршітпен де, кәуірмен.
Тіміскілеу тірлік сүріп келеміз,
Жымысқылау ымыра кешіп жауыммен.

Айй, заманым, алағай да бұлағай,
Айт­тым қайтем арызымды шыдамай.
Алдымда отыр «абыздарым» кіл Абай.
Ана-ау жақта… – қалың қолы
шаһар боп
Жайық бойлап Исатай мен Махамбет
Жемді бойлап Дәуімшар мен
Құдабай…

Ембілік аруға хат

Бізді туған өлкені шайқап өткен
дауыл көп,
Сол күндердің елесі қол бұлғайды
сағым боп.
Сен аптаптың астында дала
кездің дамылсыз
Мен тамызды жырладым,
аңызағы жалын деп.

Қайран құрбым, көремін сені
көңіл төрінен,
Кезің жоқ-ты бір сәтке мың
бейнет­тен жеріген.
Сенің аяз қарыды саусағыңды сүйріктей
Мен ақ қарды жырладым,
алақанда еріген.

Сені дағы, мені де елітетін мұңлық ән,
Маңдайынан жел сүйген, беу,
мұнайшы құрбыжан.
Оңашада, о, талай ойға батқан
шығармыз,
Мен қаламды тістелеп,
сен сүйеніп бұрғыға.

Балғаным мен Балжанның,
Нәбира мен Жібектің,
Керуеніне ілесіп, сор даланы түлет­тің.
Мен Фариза жырына елтідім де ес жиып,
Мың жаралы жүрекке мың бір
мұңды түнет­тім.

Көне Доссор, кең Жылой,
қайран біздің Нарынның
Қиырынан сен бәлкім
белгісізді сағындың.
Бақыт таптың содан соң туған
жердің төсінен
Туған жердің көгіне жұлдыз
болып тағылдың.

Табиғат­тың ең әсем, ең ғажайып
жұмбағы,
Өздеріңсің, расы, шын бақыт­ты,
шын дарын.
Сұлулық пен жылылық,
махаббат пен арманға
Сен аман жүр, толтырып
туған жердің құндағын.