Ақын Светқали Нұржан өлеңдері
Светқали Нұржан (Айт-Ман) 1962 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген. 1986 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң жылқышы, мұнай өндірісінде жұмысшы болған. Жоғары білім алғаннан кейін «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен», 1986-87) журналында, Қарақия аудандық мәдениет бөлімінде (1987-94), облыстық «Өнер» қорында (1994-95; 1995 жылдан осы қордың президенті) қызмет істеген. Нұржанның өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді баспасөзде, студенттердің жыр жинағында («Аудитория», 1984) жарияланған. 1993 жылы «Аруана» атты жеке жинағы, бұдан кейін үш томдық «Таң қауызын жарғанда» жинағы (2002) жарық көрді. «Дарын» (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының және әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның иегері. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

БОРАН
Көз көрім жер көрінбей шұбарланып,
Мың сан пері ақ қардан шырақ жағып—
Есалаң жел жүйткиді қарды қуып,
Ойнақтаған қасқырдай жұмарланып.
Жер жұлынын долы жел суырғанда,
Тентек теңіз ұрады суын жарға.
Ию-қию...
Жүз бақсы жиналып ап,
Қобыз тартып жатқандай жуыр маңда.
Қыл арқаны соңында шумақталып,
Кіл асау ат шапқандай тулап қалып...
Әлдекімдер жатқандай, ақ бураның
Терісінен жасалған тулақ қағып.
Ақ шұбатты құлаштап сапырғандай,
Дәм татпасқа сенің де дәтің қалмай—
Даладағы боранға үнін қосып,
Жүрегімнен бір боран атылғандай!
Он бөрі мен бір сырттан жұмарланып,
Баратқандай құлақты ұран жарып.
...Ақтүтекте адаспай келемін мен,
Ақ періште жолыма шырақ жағып!
ДАЛА
Бозторғай-ғұмыр төсін даланың шарлаған,
Бесін намазын балбалдар оқып сарнаған.
Бозтамақ боздақ қарлығаш байыз таба алмай,
Боз мая боздап ботасына әнін арнаған.
Бұлттары қысыр безерген шақта бедеу көк,
Бәңгі қыр өксір алдатөмпекті — безеу бет.
Бүлікшіл желі қурайға қобыз тарттырып,
Бабаурап тұрып, береді бейбақ бебеулеп.
Боз шарбы бұлттың бөз көйлегіне қан тиіп,
Бура-тауларым түргенде құлақ маңқиып—
Бат-баттар құсап қарай да бермей балтиып,
Бағы сарынның бояуын бойға қал түйіп.
Баяғы бір ән, баяны күмән бұл қырлар. —
Бағыштап барын бұлбұлдар, бетін бұрды ұлдар.
Байқағыш болсаң, баба даланың бойында
Бітіп болмайтын бір сағыныш пен бір мұң бар.
Бөкен сағымдар боз желкеніндей өлкенің,
Бұйра толқынды шағылдар — бітпес ертегім.
...Бұл дала маған ұқсап барады бір түрлі...
Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін!
ТҰЛПАР
Бойынан аулақ қалып жай күнгі мұң,
Арғымақ ұшқалы түр, пай, дүлдүлің! –
Сәуріктер енді мұны тепкілемей,
Шоқтығын жұлмайды енді айғыр мұның.
Тепкі жеп көп жабыдан мұңданғанда,
Ұғатын дел-сал жанын кім бар маңда?!
Күшті жоқ енді бұдан бұл өмірде,
Жүйрік жоқ енді бұдан бұл жалғанда.
Арғымақ тарс ұмытты сойқанды әңгі,
Күрсініп сағым-сауыр байтал қалды.
Іштегі атауы жоқ армандарын
Аспани шабысымен айтар мәңгі.
Даланың тірі болса төбелері,
Ұмтылар қанатынан демегелі.
Ғасырлап аңсап жеткен бәйгесінен
Дәл бүгін – не өледі,
Не келеді!..
Пырақтың тұяғынан үн шығып бір
Кеткенде,
Қалды неге күрсініп қыр?..
Беу, тұлпар, қыршын-арман сапарында
Күйбеңін теуіп кетті-ау тіршіліктің!..
ҚАҢҒА БАБА
Айналдым әруағыңнан, Қаңға Баба,
Қарайсың қарагөзбен паң далаға.
Базарың тарқап бастан, дәурен көшкен,
Көшпеген қорымдағы таңба ғана.
Мың заман ұя салған - бағзы мекен,
Мың мәрте, алдияр жер, тағзым етем.
Тістері опырайған Керуен Сарай,
Көрідей үн қатпайды аузы бекем.
Жол – шиыр,
артың – қиыр,
алдың – арман,
Көк таста тарих көзі мәңгі жанған.
Қозғайды қиял шоғын Көсеу Таңба,
Бір белгі қаңғып кеткен Қаңлылардан!
Қаңырап қалыпсың - ау, Қаңға – Құтпан,
Жамырап сағыныштай жанда бұққан,
Орда едің сан керуен тоқайласқан.
Ұрымнан, Қарағорым, Ханбалықтан.
Талайлар келді, бәлкім, жұртымды ойлап,
Талайлар келді, бәлкім, құлқынды ойлап.
Казактар қылышымен атын жазып,
Кәззаптар қоса қара мұртын майлап.
Кең қиян дерті болып жат жайлаған,
Небір сой мына ағашқа ат байлаған.
Жұтаяқ уәзір келген тақты ойлаған,
Құтаяқ Қызыр келген хақты ойлаған.
Жоғалтқан Алтын Сарай кілтін ғафыл
Бұл жерде бабам қонған Жұртым жатыр.
Кешегі "қызыл табан қырғында" өлген,
Түбінде әр бұтаның ұлтым жатыр!
Бұл жерге түспей көптен есті назар,
Тұсынан қызық қашты, көшті базар.
Сықылды көне күннің көлеңкесі,
Қарайды тау басынан Ескі Мазар.
Басында әр бұлақтың тұт ағашы
Бейне бір осы жердің құт анасы.
"Танимыз сен баланы" дегендей боп,
Қалады бас изесіп бұта басы.
Қадымша иректелген көп құлпытас
Сықылды тас шежіре мұқабасы!
Боламын барлығын да көре кетпек,
Бұл жерге кімдер келіп, нелер өтпек?
Бір түрлі жетімсіреп қарайтындай,
Төбесін отынға алған көне мектеп.
Шулаған жер түбінен көп баланың,
Құлаққа шалынардай өлеңі ептеп.
Түз толы төгілгендей баспақ пештен
Көздегі қалды ащы жас
Жас шақты еске
Ана бір жапырайған жертөлені,
Талақ қып алты жаста тастап көшкем.
Қалыпты әлдеқашан есік боп төр,
Дүр етіп ұшып шықты шошып кептер.
Көшкен ел қайта айналып қонбаушы ма еді,
Бұл жерден босып емес, көшіп кетті ел?!
Бара жатыр көз қарайып, қас байланып,
Баба жұрт маған сырын ашпайды анық.
Ешкім кеп жұмбақ теңін шешпеген соң,
Кеткендей тоғанақтар тасқа айналып.
Қош боп тұр!
Қаңға Баба – бағзы мекен!
Алдыңда мың мәртебе тағзым етем.
Құтаяқ Қызырға еріп бір күндері,
Басыңа ел әкелу – парызым екен!
Кеудемде бір құлыншақ кісінеді,
Тарқатқан сырларымның ұшы желі.
Жетім ғып сонша әруақты тастап көшу,
(Сақта, Алла!) өсер елдің ісі ме еді?!
Бесігін арманымның тербет, ұлым!
Бұл жерге сен де тіле ел жетуін.
Қаңғадан қаңғып кеткен көп қарлығаш,
Жиылғай түкпірінен жер бетінің!
Қаң - қамның көргім келмей өлі күйін,
Үйіріп барады алып мені құйын.
Жүрегім жаурағанда тығылатын Жалғанда,
Менің титтей — Жерұйығым!
Ішінде мүрдесі жоқ... (Не көшпеді?!)
Ақ күмбез зыңғырап түр дөңестегі.
Тірі жан маған еріп келмесе егер,
Жетермін әруақтармен кеңескелі!