Фариза Оңғарсынова өлеңдері

Фариза Оңғарсынова (1939-2014) – қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы. Қазақстан Республикасының екі шақырылымда Мәжіліс депутаты болды. Көптеген жыр жинақтарының авторы. Еліміздегі ірі басылымдарда жетекшілік қызмет атқарған.

Malim Админ

  • 10.09.2024

СЕНІҢ ОТ ҚҰШАҒЫҢДА

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып талқысыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ әлемде тек екеуіміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.

Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен аймалап алқындың,
одан сайын есімді шығардың да,

мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.
Жақсы сөздің барлығын саған айттым,
ішімнен бе, әлде үн шығардым ба...
Сен жанымда жүрдің де

жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!

Бірақ өзің айныдың.
¥мыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.


Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі...
Мен күнәһар емеспін ар алдында,
Құдайың да кешеді тап мұңымды.

 

ЖАҚСЫ КӨРУ

Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
 

Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.


Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.


Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім -сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.

 

ҚЫЗ МАХАББАТЫ

Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым –
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
 

Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып-ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін кеште ме еді,
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.


Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.


Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…

 

ӘЙЕЛГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ

Түндерде жалын боп өткен,
біреуді жаным деп өпкен,
сенің гүл еріндеріңнен
әйтеуір жерінбедім мен.


Жұттым да көзде жасыңнан,
төсіңнен өзгеге ашылған.
басымды ала алмадым не,
(қайғым ба ең, жанар бағым ба ең?!).


Көлдегі сағым көрікпен,
жанарды жанымды еріткен,
құштым мен ашқарақ күймен,
(білемін – басқа да сүйген).


Ең алғаш құшқаным да – өзің,
балқытқан күш-жалын да – өзің,
ең алғаш сүю дегенді
үйреткен ұстазым да – өзің.


Жанымнан мұңым кеткелі
сен болдың күнім көктегі.
…Қайғым тек – осының бәрі
басыңнан бұрын да өткені…

 

МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЕМЕС ЕМ

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.


Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым. «Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.


Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.

 

МАХАББАТТЫ СЕЗІНУ

Қуанышым сен болдың, қайғы, жасым,
Таусылмайтын мен үшін бай мұрасың.
Қара жерге аспаннан ай құласын,
Анық менің әйтеуір айнымасым.

Жасын болдың сен маған көктемдегі,
Жүрегіммен қақ жарған от кеудені.
Кезіктірдім мен бұрын қиялымда
Жоқ пендені.
 

Күйіп-жанып содан соң алауладым,
Ай, Күн барын ұмыттым, самал барын.
Сол сезімнен бойыма бір тыныштық,
Таба алмадым.

Сені ойламай кезім жоқ көзімді ілген,
Елжіредім сені аңсап, егілдім мен.
Тағдырыма ризамын сен арқылы,
Ақ махаббат дегенді сезіндірген.

 

СҮЙГЕН СҰЛУ
Сенің көзің көк те емес, қара да емес -
қой көзді деп атайды мұндайларды.
Ол көздердің оты да ғажап емес,
бірақ маған сол жанар нұрдай мәңгі.

Сенің көркің ерекше емес, тегі,
(дәрі боп па қыздарға сарылығың!)
Бірақ маған “керім” боп елестедің,
саған ғана табынды бар ұғымым.

Мен үшін сен – бәрісің тіршіліктің,
жаным ұйып тек саған сыр ағыттым.
Осы екен ғой, мен жаңа бір сыр ұқтым,
“Сүйген – сұлу” дейтіні бұ халықтың.

Байланысты жаналықтар

Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

21.02.2025

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

18.02.2025

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

18.02.2025

Мағжан - Күн перзенті

17.02.2025

Дидар Амантай. Қызыл іңір

17.02.2025

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме

12.02.2025
MalimBlocks
Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

Ол бірқатар республикалық, аймақтық басылымдарда жемісті еңбек еткен

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

Мағжан - Күн перзенті

Дидар Амантай. Қызыл іңір

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме