Ғарыш туралы роман Букер сыйлығын алды
«Орбита» – Букер сыйлығын алған ғарыш туралы алғашқы кітап әрі бар-жоғы 136 беттен ғана тұратын ең қысқа роман
Фото: Букер комитеті
Англиялық жазушы Саманта Харви «Орбита» романы үшін 2024 жылғы Букер сыйлығын алды. Роман Халықаралық ғарыш станциясындағы алты астронавтың бір күндік өмірін баяндайды. Бұл туралы сыйлық беру комиссиясы хабарлады.
Марапаттау рәсімі Лондонда өтті. Қазылар алқасын британиялық жазушы әрі суретші Эдмунд де Ваал басқарды. Оның айтуынша, қазылар алқасы түгелдей Саманта Харвиге дауыс берген.
«Кейде сіз кітапқа жолығасыз (оқисыз.ред.) және бұл ғажайып оқиғаның қалай болғанын түсіне алмайсыз. Біз өзімізді әсерлендіретін, елмен бөлісуге ынтықтыратын айтары көп, жаңашылдығы басым кітапты табуға талпындық», – деді де Ваал өз сөзінде.
«Орбита» Ұлыбританиядағы ең көп сатылатын кітаптардың қысқа тізіміне енген. «Орбита» – Букер сыйлығын алған ғарыш туралы алғашқы кітап әрі бар-жоғы 136 беттен ғана тұратын ең қысқа роман.
«Бұл ықшам әрі әдемі роман әрбір адамның жеке және ұжымдық құндылығы туралы ойлана отырып, Жердің ғажап дүниесін көре білуге шақырады», – делінген сыйлық мәлімдемесінде.
Сыйлыққа кез келген ұлт жазушыларының ағылшын тілінде жазылған және Ұлыбританияда немесе Ирландияда соңғы бір жыл ішінде жарияланған көркем шығармалары қатыса алады.
Сыйлық 1969 жылдан бері беріліп келеді.