Америкалық ер адам 18 жыл бойы өзіне жылан уын егіп келген

Сұлу Бөлек

  • 03.05.2025

 

Америкалық ер адам 18 жыл бойы өзіне жылан уын егіп келген. оның қанының негізінде ғалымдар кең спектрлі қарсы екпе жасады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.

Ғалымдар жыландардың уына қарсы әмбебап дәрі жасау үшін Тим Фрид есімді азаматтың қанын пайдаланды. Ол он сегіз жыл бойы өлімге әкелетін улы жыландарға әдейі шағылып, тіпті уды өзіне инемен егуді әдетке айналдырған. Бұл тәжірибе не үшін қажет болды, неге жылан уынан қорғану қиын және неге америкалық азамат мұндай қауіпті іске барғанын BBC зерттеп көрді.

2017 жылы Centivax биотехнологиялық компаниясының жетекшісі, иммунолог Джейкоб Гленвилл Фридтің оқиғасына тап болады. Фрид жылан уына иммунитет қалыптастырмақ болып, өзіне бірнеше мәрте улы жыландарды шағу арқылы тәжірибе жасаған.

"Егер әлемде кең спектрлі антиденелер бар адам болса, дәл сол — ең керекті кандидат. Сондықтан мен бірден онымен байланыстым. Алғашқы әңгімемізде мен оған: "Бұл біртүрлі естілер, бірақ маған сіздің қаныңыз керек" дедім. Фрид қуана келіскен. "Мен осы қоңырауды күтіп жүрген едім!" деді ол", — деп еске алады Гленвилл.

Қарсы екпе жасау үшін, әдетте, аздаған мөлшерде жылан уын жануарларға — мысалы, жылқыларға егеді. Олардың иммундық жүйесі антиденелер түзіп, солар негізінде дәрі әзірленеді. Бірақ әр жылан түрінің уы бір-біріне ұқсамайды, тіпті бір түрдің әртүрлі аймақтағы өкілдері де у жағынан ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, Үндістандағы жыланның уына қарсы жасалған екпе Шри-Ланкадағы дәл сол түрге әсер етпеуі мүмкін.

Гленвиллдің зерттеушілер тобы әмбебап, яғни түрлі жыландардың уына қарсы тұра алатын антиденелерді табуды мақсат еткен. Тәжірибе жасау үшін оларға тек Фридтің қаны қажет болды. Себебі ол уды өз еркімен, ешкімнің мәжбүрінсіз пайдаланған, сондықтан зерттеушілерге этикалық шектеулер кедергі болмады.

Ғалымдар аса қауіпті аспидті жыландар тобына назар аударды. Бұл топқа мамбалар, кобрлар, коралл жыландары, тайпандар мен крайттар жатады. ДДСҰ ең қауіпті деп санаған 19 жылан түрі таңдалды. Фридтің қанынан екі түрлі кең спектрлі антидене табылды — олар нейротоксиндердің екі класын нысанаға алады. Үшінші классқа әсер ететін қосымша зат енгізіліп, нәтижесінде қарсы екпе жасалды.

Бұл екпе 19 жылан түрінің 13-іне қарсы тиімділік көрсетті — зертханалық тышқандарға өлімге әкелетін доза енгізілгенімен, олар тірі қалды. Қалған алты түрге қарсы ішінара иммунитет қалыптасты.

Гленвиллдің айтуынша, дәл осындай кең әсерлі қорғаныс бұрын болмаған. Ол бұл дәрі аспидті жыландардың үлкен бір тобына қарсы тиімді екенін айтады. Қазір ғалымдар төртінші компонентті іздеп, толық қорғаныс жүйесін жасауды жалғастырып жатыр.

Өз алдына улы екінші жылан тобы — гадюкалар. Аспидті жыландар уының әсері көбіне нейротоксинге негізделсе, гадюкаларда — гемотоксинге. Жалпы жылан уында он шақты түрлі токсин класы бар.

"Алдағы 10-15 жылда барлық токсинге қарсы тиімді дәрі жасай аламыз деп ойлаймын", — дейді Колумбия университетінің профессоры Питер

Квон.

Ғалымдар Тим Фридтің қанын әлі де зерттеп жатыр.

"Тимнің антиденелері — шын мәнінде ерекше. Ол иммундық жүйесін өте кең спектрлі токсиндерді тануға үйретті", — дейді Квон.

Зерттеушілердің түпкі мақсаты — бір әмбебап қарсы екпе немесе екі түрлі дәрі жасау: бірі — аспидті жыландарға, екіншісі — гадюкаларға қарсы.

Ливерпуль тропикалық медицина мектебіндегі жылан шағуы мен оны емдеу орталығының жетекшісі Ник Кейсвелл бұл тәсілді болашағы бар деп санайды. Бірақ қарсы екпені адамдарға қолдануға дейін әлі көп жұмыс қажет.

Ал Тим Фрид бұл зерттеулерге дейін жеткеннің өзі мен үшін үлкен жетістік дейді.

"Мен адамзатқа пайда әкеліп жатырмын — бұл мен үшін маңызды. Мен бұған мақтанамын. Бұл — керемет", — дейді ол.

Фрид өзінің тәжірибелерін мұқият құжаттап, YouTube-арнасында жариялап отырған. Осы контенттің арқасында ғалымдар оған тап болған. Бұрын көлік механигі болған ол бүгінде Гленвиллдің Centivax компаниясында герпетология (жыландарды зерттеу) жөніндегі директор болып қызмет етеді.

Фото: Jacob Glanville

Байланысты жаналықтар

Жапониядағы ең жылдам пойызды жылан тоқтатты

02.05.2025

Алматыда екі ай бұрын жоғалған ер адам аман-есен табылды

28.04.2025

Алматыда ер адам биіктен құлап, қаза тапты

10.04.2025

Тараздағы сауда үйлерінің бірінде жылан табылды

26.03.2025

Қызылорда облысында ер адам әйелін дәрігерден қызғанып, соққыға жыққан

25.03.2025

34 жастағы ер адам мәйітханада «тіріліп» кетті

16.03.2025
MalimBlocks
Жапониядағы ең жылдам пойызды жылан тоқтатты

Алматыда екі ай бұрын жоғалған ер адам аман-есен табылды

Алматыда ер адам биіктен құлап, қаза тапты

Алматыда ер адам көпқабатты үйдің терезесінен құлап, қаза тапты

Тараздағы сауда үйлерінің бірінде жылан табылды

Тараздағы сауда үйлерінің бірінде ТЖМ құтқарушылары жыланды ұстады

Қызылорда облысында ер адам әйелін дәрігерден қызғанып, соққыға жыққан

Қызылорда облысында, Тасбөгет кентінде ер адам қызғаныштан жұбайын соққыға жыққан

34 жастағы ер адам мәйітханада «тіріліп» кетті