Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Құрылтай сайлауы қарсаңында үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Президент алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын ел тарихындағы маңызды оқиға деп атады.
«Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылып, елдің даму бағыты өзгерді. Ал Құрылтай сайлауы халық игілігіне бағытталған жаңа реформаларға жол ашып, Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз болады.
Президент сайлауалды науқанның ашық, бәсекеге қабілетті әрі мазмұнды өткенін атап өтті. Партиялар сайлаушылармен кездесулерде, теледебаттарда және әлеуметтік желілердегі пікірталастарда өз бағдарламаларын таныстырды.
«Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды», – деді ол.
Тоқаев сайлау науқаны барысында қоғамның саяси мәдениеті артып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласа бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, қоғамдық пікірталасқа жастар, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты.
Президент Құрылтай құрамына кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деген сенім білдірді.
Оның пікірінше, жаңа құрылым әртүрлі көзқарастар мен ұлт болашағына бағытталған бастамалар тоғысатын ортақ алаңға айналуы керек.
«Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай мен жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің даму бағытынан таймай, алға ұмтылуы қажет екенін айтты.
Президент азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Ол әр адамның дауысы елдің болашағына әсер ететінін атап өтті.
«Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әсіресе жастарды сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға үндеді.
«Еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ», – деді ол.
Тоқаев үндеуін «Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!» деген сөздермен аяқтады.