Бүгінде Меруерт Өтекешованы "Қыз Жібексіз", ал қазақ киносының әйгілі Жібегін Меруерт Өтекешовасыз елестету қиын. Алайда жарты ғасырдан астам уақыт бұрын әйгілі рөлге таңдалған кезде ол кәсіби актриса емес, небәрі 16 жастағы мектеп оқушысы еді. Оның үстіне Жібекті сомдауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген бойжеткен үміткер болған. Солардың арасынан режиссер Сұлтан Қожықов неліктен дәл Меруерт Өтекешоваға тоқтады? Malim.kz тілшісі осы турасында тарихи деректерді жинақтады.
Қыз Жібекті бүкіл Қазақстаннан іздеген
"Қыз Жібек" фильмін түсіруге дайындық кезінде шығармашылық топтың алдындағы ең күрделі міндеттің бірі – басты кейіпкерді сомдайтын бойжеткенді табу болды.
Меруерт Өтекешованың кейінгі сұхбаттарында айтқан дерегіне сүйенсек, 1968 жылғы 1 қаңтарда сол кездегі "Лениншіл жас" газетінде Ғабит Мүсірепов сценарийінің үзіндісі жарияланып, оған қоса киностудия атынан оқырмандарға арнайы өтініш берілген.
"Қазақфильм" Жібек бейнесіне лайық қыздардың суреті мен аты-жөнін студияға жолдауды сұраған. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде 400-ге жуық хат келіп түскен. Олардың арасынан шамамен 40 үміткер іріктеліп, 15 шақты қыз киносынаққа шақырылғанын Меруерт Өтекешова кейінгі сұхбатында айтқан.
Ал "Egemen Qazaqstan" басылымының фильм тарихына арналған материалында басты кейіпкерлерді іріктеу жөніндегі хабардың 1967 жылдың соңынан-ақ елге тарай бастағаны жазылады. Яғни Қыз Жібекті іздеу бір студияның ішіндегі қарапайым кастинг емес, ел көлеміндегі үлкен байқауға айналған.

16 жастағы мектеп оқушысы да бағын сынап көрмек болады
Меруерт Өтекешова ол кезде актриса болуды жоспарламағанын бірнеше рет айтқан. Өнер иесінің естелігіне қарағанда, ол оныншы сыныпта оқып жүрген кезінде "Қыз Жібекке" байқау жарияланғанын естіп, өзін сынап көру үшін киностудияға барады.
Меруертті сол жерде режиссердің ассистенті Галина Күзембаева қарсы алып, фотосынаққа жібереді. Актриса кейін сол сәтті еске алып, кастингке жиналған қыздардың бәрі өте сұлу әрі өзіне сенімді болғанын айтқан.
Өзі болса, керісінше:
"Мына сұлулардың арасында маған не бар?" – деген ойда болғанын еске алады.
Болашақ Қыз Жібектің кастингке «міндетті түрде жеңемін» деген сеніммен емес, керісінше күмәнмен барғаны – оқиғаның ең қызықты тұстарының бірі.

Алғашқы сынақта режиссерге ұнамай қалған
Бүгінде Меруерт Өтекешованы дәл осы рөл үшін туғандай қабылдайтындар көп. Бірақ кастингтің басында бәрі бірден шешіле қоймаған. Актрисаның өзінің естелігі бойынша, алғашқы фотосынақ кезінде режиссер Сұлтан Қожықов оның суретіне қарап, көңілі толмағанын білдірген.
Кейін Меруерт Өтекешова режиссерге өзінің мұрны ұнамай қалғанын білгенін әзілмен еске алған. Оның үстіне, көркемдік кеңес мүшелерінің бір бөлігі Меруерттің тым жас екеніне күмән келтірген. Бірақ Сұлтан Қожықовтың пікірі өзгеше болды.
Меруерт Өтекешованың айтуынша, режиссер Жібек пен Төлегенді қалыптасқан тәжірибелі актерлер емес, жастық қуаты мен табиғи сезімі бар жас адамдар сомдауы керек деп есептеген. Сондықтан 16 жастағы қызға мүмкіндік берген.
400 үміткердің бәрі сұлулықтан өте алмады ма?
Меруерт Өтекешованың естелігіне қарағанда, іріктеуде тек сыртқы сұлулық шешуші рөл атқармаған. Ол кейін Сұлтан Қожықовтан кастингке келген 400-ге жуық бойжеткеннің көбінің келбеті көрікті болғанымен, берілген рөлді алып шығуға актерлік мүмкіндігі жете бермегенін естіген. Сондықтан іріктеудің алғашқы кезеңдерінен кейін үміткерлердің басым бөлігі шығып қалған.
Бұл деректі фильмдегі Төлегенді сомдаған Құман Тастанбековтің естелігі де жанама түрде растайды. Оның айтуынша, Жібек рөліне үміткер өте көп болған, режиссерлер тек сыртқы келбетке емес, талапты орындау қабілеті мен табиғи дарынға да мән берген.
Ақырында шығармашылық топтың басым бөлігі Меруерт Өтекешованы қолдап, басты рөл соған беріледі.

16 жасында кино алыптарымен бір алаңға шықты
Меруерт Өтекешова үшін қиындық кастингтен өткеннен кейін ғана басталған. Өйткені ол бұрын кәсіби кино мектебінен өтпеген жас қыз еді. Ал түсірілім алаңында қазақ өнерінің сол кездегі ең ірі тұлғалары жұмыс істеді.
Фильмде Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова сынды танымал актерлер ойнады. Меруерт Өтекешова 2025 жылы берген сұхбатында 16 жасында осындай актерлермен бірге Жібектің рөлін сомдау өзіне қорқынышты болғанын жасырмаған. Актрисаның айтуынша, ол кезде қазіргі студенттер секілді бірнеше жыл актерлік шеберлік оқымаған. Көп жағдайда ішкі түйсікке, режиссер мен тәжірибелі әріптестерінің көмегіне сүйенуге тура келген.
Фильмнің суретшісі әрі Жібектің анасын сомдаған Гүлфайрус Ысмайылованың көмегін де Меруерт Өтекешова кейін ерекше атап өткен.
"Қыз Жібек" Меруерт Өтекешованың тағдырын өзгертті
"Қыз Жібек" 1969-1970 жылдары түсіріліп, қазақ киносының классикалық туындыларының біріне айналды. Режиссері – Сұлтан Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов.
Ал небәрі 16 жасында түсірілім алаңына алғаш қадам басқан Меруерт Өтекешова үшін бұл рөл бүкіл кейінгі шығармашылық өмірінің бастауы болды. Жылдар өте оның есімі экрандағы кейіпкерімен біте қайнасып кетті. Көрермен Меруерт Өтекешованы қазақ киносының Жібегі ретінде қабылдады.
2026 жылғы 25 ақпанда актриса 75 жасқа толды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен мерейтойлық кездесуде де оның қазақ киносына Қыз Жібек бейнесі арқылы енгені ерекше аталып өтті.
Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын бәрі басқаша еді. Алдында 400-ге жуық үміткер тұрды. Кино тәжірибесі жоқ. Жасы небәрі 16-да. Ал алғашқы фотосынақта режиссердің өзі де оған бірден көңілі тола қоймаған. Соған қарамастан, Сұлтан Қожықов жас қыздың бойынан көпшілік байқамаған қасиетті көрді. Нәтижесінде сол кездегі қарапайым мектеп оқушысы қазақ киносының тарихындағы ең танымал әйел бейнелерінің бірін жасады. Бүгінде "Қыз Жібек" десе – Меруерт Өтекешова, Меруерт Өтекешова десе – "Қыз Жібек" еске түсетіні де сондықтан.