АҚШ билігі Google-ге шүйлікті

Қазан айында жарияланған Әділет департаментінің алдын ала құжатында Google-ды бөлу мүмкіндігі ойластырылған

Аялдар Күнтуған

  • 20.11.2024

АҚШ-тың монополияға қарсы органы Google-дан Chrome браузерін сатуын талап етпек. Мұнымен Google келіспейді. Бұл жөнінде ВВС жазды.

Google басшылары компанияның Chrome браузерін мәжбүрлеп сатқызу Google бизнесінің өзіне ғана емес, әлемдегі ең танымал интернет-шолушыны пайдаланушыларға да зиянын тигізетінін айтты.

Сәрсенбі күні АҚШ әділет министрлігі сотта интернет алыбынан браузерді сатуын талап етеді деген болжам бар. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Тамыз айында істі қарап жатқан судья Амит Мехта онлайн іздеу саласындағы монополияға жол берді деп  Google-ды айыптаған, сондықтан бұл жағдайды түзету үшін қандай шара немесе жаза қолдану керек деген сұрақ қазір қызу талқыланып жатыр.

Әділет министрлігі браузерді мәжбүрлеп сатуды ұсынып отырғанын ресми растаған жоқ, бірақ Google әкімшілігі бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы екенін ашық айтты.

«Әділет департаменті бұл іс бойынша құқықтық мәселелер шеңберіне сыймайтын шешім қарастырып жатыр», – деді Google компаниясының вице-президенті Ли Энн Мулхолланд,.

Сондай-ақ компанияның жасанды интеллект, Android операция жүйесі және пайдаланушылардың жеке деректерін сақтау саласына қатысты шаралар жасалып жатқаны хабарланды.

«Егер үкімет осылайша [әділдік] таразысына қол сұқса, ол Американың тұтынушыларына, әзірлеушілеріне және технология басшылығына өте маңызды шақта зиянын тигізеді», – деп жазады Мулхолланд.

Интернет-пайдаланушылар арасында танымалдылығы бойынша Chrome әлемде бірінші орында тұр. Similarweb мәліметі бойынша, қазан айында оның әлемдік нарықтағы үлесі 65%-ға жуықтаған.

Statcounter-тің зерттеуінше, қазан айындағы жағдай бойынша әлемдегі барлық интернеттен іздеу жұйелерін пайдаланушылардың 90%-ы  Google-ды пайдаланған.

Қазан айында жарияланған Әділет департаментінің алдын ала құжатында Google-ды бөлу мүмкіндігі ойластырылған.

Ал Google интернеттен іздеу саласындағы монополист екенін жоққа шығарған. Олар  бұл шешім Chrome браузерін пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қиындатады деп санайды.

Google-дың соңғы тоқсандағы қаржылық есебіне сүйенсек, компанияның іздеу жүйесі және жарнама бизнесінен түскен табысы 10%-ға өсіп, 66 миллиард долларға жуықтады.

Фото: REUTERS