Польша миналарды қолдануға тыйым салатын конвенциядан бас тартпақ

Польша Сеймі елді жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын Оттава конвенциясынан шығару туралы заң жобасын қолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл шешімді 413 депутат жақтап дауыс берсе, 15-і қарсы шықты, 3 депутат қалыс қалды.
Польша Қорғаныс министрі, премьер-министрдің орынбасары Владислав Косиняк-Камыштың айтуынша, мұндай қадам ел мен аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет:
«Польша отанды қорғауға кедергі келтіретін шектеулермен байлаулы болмауы тиіс», – деді ол парламентте сөйлеген сөзінде.
Польша бұл конвенцияны 1998 жылы ратификациялаған, ал құжат 1999 жылдың 1 наурызында күшіне енді.
Бұған дейін Литва мен Латвия да конвенциядан шықса, Эстония мен Финляндия парламенттері де құжатты денонсациялауды қолдаған.
Бұл өзгерістер Еуропадағы геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты қабылданып отыр.
Фото: David Bathgate/Corbis via Getty Images


Ең көп оқылған
